Тез дайындалатын корей рамені бедеулікке әкеле ме

Тез дайындалатын корей рамені бедеулікке әкеле ме
фото: pixabay.com

Соңғы жылдардағы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүюде қиындыққа тап болып отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Жыл сайын 20 мыңға жуық адамға бедеулік диагнозы қойылады. Бұл — тек тіркелген жағдайлар. Мамандар есепке алынбай жүргендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. 

Эндокринолог Әсел Асаинованың айтуынша, рамен мен тез дайындалатын кеспелерді тікелей бедеулікке немесе ракқа әкеледі деп кесіп айтуға ғылыми тұрғыда дәлел жоқ.

— Қазіргі таңда раменді тікелей қатерлі ісік немесе бедеулікке әкеледі деген нақты ғылыми қорытынды жоқ. Бұл бағытта зерттеу жүргізіліп жатыр, кейбір жұмыстарда байланыс байқалғанымен, мұндай диагнозға бір ғана тағам себеп болды деп айту үшін адамның өмір салты, диетасы, зиянды әдеттері, артық салмақ пен генетикалық факторлар да ескерілуі тиіс, — дейді маман Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Мәселе бір ғана өнімде емес, оны қаншалықты жиі және қандай жағдайда тұтынуында. Маманның айтуынша, рамен ультра өңделген тағамдар қатарына жатады. Оның негізгі қауіптері мынадай:

Біріншіден, рамен ақ ұннан жасалады және гликемиялық индексі өте жоғары. Бұл қан құрамындағы қанттың күрт көтерілуіне әкелуі мүмкін.
Екіншіден, бір раменнің өзінде тәуліктік тұз мөлшері (5 грамм) асып кетеді. Бұл тұздың ағзада жиналуына, қан қысымының жоғарылауына себеп болады.
Үшіншіден, құрамында қуыруға арналған майлар, пальма майы, дәм күшейткіштер мен ащы дәмдеуіштер бар. Олар бауырға, асқазан-ішек жолына және қан айналым жүйесіне қосымша салмақ түсіреді.

Фото: видеодан алынған скрин

— Ащы тағамдар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, ал соустар мен дәмдеуіштер бауырға әсер етуі мүмкін, — дейді эндокринолог.

Рамен бедеулікке тікелей емес, жанама әсер етуі мүмкін. Әсел Асаинованың айтуынша, ультра өңделген тағамдарды тұрақты тұтыну инсулинге төзімділікке, артық салмақтың жиналуына, бауыр қызметінің баяулауына әкеледі.

Ал бауыр — гормондардың түзілуіне қажетті ақуыздар өндірілетін негізгі ағза.

— Инсулинге төзімділік дамығанда, артық салмақ жиналады. Бұл гормондардың түзілуіне әсер етеді. Нәтижесінде әйелдерде етеккір циклының бұзылуы, ал ер адамдарда шәует сапасының төмендеуі байқалуы мүмкін, — дейді дәрігер.

Маман жасөспірімдер үшін рамен, фри, чипсы, бургер секілді тағамдарды тұрақты тұтыну әсіресе зиянды екенін айтады. Себебі бұл өнімдерде талшықтар жоқ, кальций, D дәрумені, сапалы ақуыз жеткіліксіз. Ал өсіп келе жатқан ағза үшін бұл элементтер гормондық және бұлшықет жүйесінің қалыптасуында шешуші рөл атқарады.

Фото: kaz.inform.kz

— Жасөспірімдердің рационында ет, балық, жұмыртқа, көкөністер мен жасыл шөптер болуы керек. Мұны рамен мен фастфуд алмастыра алмайды, — дейді эндокринолог.

Мамандар раменді екі-үш айда бір рет тұтынудың айтарлықтай зияны байқалмауы мүмкін екенін айтады. Алайда оны күнделікті тағамға айналдыру семіздікке, гормондық бұзылыстарға, қан қысымы мен қант диабетінің даму қаупіне әкелуі мүмкін.

— Өзіміз маман ретінде мұндай өнімдерді мүлде тұтынбаймыз. Зиянын біле тұра, адамдарға мүмкіндігінше бас тартуды ұсынамыз, — дейді Әсел Асаинова.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.