Балаңызға ойыншық аларда қауіпсіздікке мән беріңіз

Балаңызға ойыншық аларда қауіпсіздікке мән беріңіз
фото: https://www.google.com/adm-verhotury.ru

       Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көптеген ата-аналар балаларына сыйлық алуға ерекше мән береді. Ойыншықтар – балалар үшін ең сүйікті сыйлықтардың бірі, себебі олар қуаныш сыйлап қана қоймай, баланың ой-өрісінің дамуына ықпал етеді. Алайда, ойыншық таңдауда оның сыртқы көрінісіне ғана емес, ең алдымен қауіпсіздігіне назар аудару қажет.

       Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес КО ТР 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» құжаты ойыншықтарға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.

1. Өндіріс материалдары
       Ойыншықтарды дайындауда қолданылатын материалдар құрамында улы заттар, ауыр металдар, канцерогендер немесе аллергендер болмауы тиіс. Пластик, ағаш, мата және бояулар баланың терісіне немесе шырышты қабаттарына зиян келтірмейтіндей қауіпсіз болуы қажет.

2. Физикалық қауіпсіздік
       Ойыншықтардың өткір бұрыштары, үшкір ұштары және ұсақ бөлшектері болмауы тиіс (әсіресе 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтар үшін). Құрылымы берік, сынуға төзімді болуы маңызды, себебі бұл ойын барысында жарақат алу қаупін азайтады.

3. Таңбалау және нұсқаулық
       Ойыншықтың қаптамасында қазақ немесе орыс тілдерінде келесі мәліметтер көрсетілуі тиіс:
– жас шектеулері;
– пайдалану тәртібі;
– ықтимал қауіп-қатер туралы ескертулер;
– өндірушінің атауы және байланыс деректері.
       Егер ойыншықтың құрамында ұсақ бөлшектер, химиялық элементтер немесе батареямен жұмыс істейтін бөліктер болса, оған міндетті түрде пайдалану нұсқаулығы қоса берілуі қажет.

Ойыншық таңдауға арналған кеңестер:
– Баланың жас ерекшелігі мен қабілеттерін ескеріңіз;
– Қаптамадағы таңбалаудың толық әрі түсінікті болуына назар аударыңыз;
– Ұсақ бөлшектері бар ойыншықтарда жас шектеулері міндетті түрде көрсетілуі керек;
– Ойыншықты мұқият тексеріңіз: өткір иіс болмауы, бөлшектерінің берік бекітілуі маңызды.

       Қорытындылай келе, ойыншықтар – балаларға қуаныш сыйлап, олардың дамуына ықпал ететін маңызды сыйлықтардың бірі. Жаңа жылға сыйлық таңдағанда оның тартымдылығына ғана емес, КО ТР 008/2011 талаптарына сәйкес қауіпсіздігіне де ерекше мән берген жөн. Сонда сыйлығыңыз балаңызға қуанышпен қатар қауіпсіздік те сыйлайды.

       Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Жансеркеева Нұржанат Тоқтасынқызы