Сотталғандардың жаңа өмірге қадамы

Сотталғандардың жаңа өмірге қадамы
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/nickp37

       Ақмола облысының Аршалы кентіндегі түзету мекемесінде ерекше әрі мәні терең шара өтті. «Таза тері – таза ой» атты акция барысында сотталғандар өз денесіндегі татуировкаларды өшіруге шешім қабылдады.

       Бұл бастаманы аудан прокуратурасы ұйымдастырған. Мақсат – қылмыстық субмәдениеттің зиянды ықпалынан арылып, жазасын өтеушілерге қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру.

       Прокуратура өкілдері бұл шараның маңызы зор екенін атап өтті:
       «Бұл тек татуировканы жою рәсімі емес. Бұл – қылмыстық әлемнің жалған “романтикасын” жоққа шығарып, жаңа өмірге қадам басу мүмкіндігі. Түрме қабырғасында да тәубеге келіп, дұрыс жолды таңдауға болады», – делінген ресми хабарламада.

       Акцияға 36 сотталған қатысып, өз денесіндегі татуировкаларды ерікті түрде өшірді. Ең қызығы, бастаманы жалғастыруды сотталғандардың өздері ұсынған.

       Мұндай акциялар сотталғандарға қоғамдағы өмірге қайта бейімделу үшін, сондай-ақ өткеннің ауыр ізімен қоштасуға мүмкіндік береді. «Таза тері – таза ой» шарасы тек сыртқы емес, ішкі өзгерістерге де жол ашады.

       https://nege.kz/