фото: pixabay.com
Қазақ жастары әзірлеген Aleem қосымшасы әлемдік рейтингте Duolingo-ны басып озды. Ағылшын тілін үйретудің жаңа форматын ұсынған жоба жайлы автор Асылжан Алтай Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтып берді, деп жазды kaz.inform.kz.
Автордың айтуынша, Aleem платформасының басты ерекшелігі — оқу бағдарламасының әр қолданушыға жеке бейімделуінде.
— Duolingo барлық оқушыға бір стандартты бағдарлама ұсынса, Aleem әр адамның деңгейі мен қызығушылығына қарай жеке оқу жоспарын құрады. Біздің мақсат — әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға, әсіресе мұғалім тапшы аймақтарға ең сапалы ұстаз бен оқулықты қолжетімді ету, — дейді Асылжан Алтай.
Оның айтуынша, ағылшын тілін толық меңгеру үшін стандарт бойынша 800-1200 сағат қажет. Осыны ескере отырып, команда тиімді әрі икемді платформа әзірлеген.
— Бастапқыда ағылшын тіліне арналған курс пен оқулық жасадық. Алайда екі айдан соң ол материал ескіріп қалды. Сол кезде түсіндік, қазір оқулық емес, динамикалық жүйе қажет. Әр адам өз қызығушылығына сай, мысалы, футбол, музыка немесе кино арқылы тілді меңгеру керек. Осылайша, Aleem жобасы дүниеге келді, — дейді автор.
Фото: Видеодан скрин
Асылжанның айтуынша, жақында қосымшаның жетілдірілген нұсқасы іске қосылған.
— Пайдаланушылардың пікірін ескердік. Көпшілігі «мұғалімнен қысыламын, ChatGPT-ден үйренгенде еркін боламын» деді. Бұл біздің негізгі мотивациямыз болды, — дейді ол.
Қосымшаны дайындау идеясы шамамен сегіз ай бұрын келген.
— Қазір ағылшын тілін білу индексі бойынша Қазақстан 118 елдің ішінде 103-орында. Біз бұл көрсеткішті жақсартуға үлес қосқымыз келеді. Команда болып қосымшаға қазақ және басқа да тілдерге бейімдеу, бейнематериалдар мен кітап оқу функцияларын қосу жоспарда бар, — дейді Асылжан Алтай.
Жоба авторы қосымша тек iOS жүйесінде қолжетімді екенін, ал Android нұсқасы болашақта әзірленетінін жеткізді.
— Қосымша бір күн ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда App Store тізімінде бірінші орынға шықты. Ресей мен Әзербайжанда екінші орынға тұрақтаған. Ал үш күнде әлемнің 107 елінен 60 мың қолданушы тіркелді. Алдағы уақытта оны жетілдіреміз, — дейді автор.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через