Автокөлік иелері үшін пайдалы ақпарат: дөңгелек ауыстыру бағасы

Автокөлік иелері үшін пайдалы ақпарат: дөңгелек ауыстыру бағасы
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/zoff-photo

Қазақстан қалаларында дөңгелек ауыстыру қызметінің бағасы белгілі болды

Қазақстан қалаларында дөңгелек ауыстыру қызметінің орташа құны 8–9 мың теңге шамасында. Бағаның айырмашылығы дөңгелектің диаметрі мен көлік түріне байланысты.

Қыс мезгілінің басталуымен елдің көптеген өңірінде қар мен көктайғақ түсті. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге көліктерін дер кезінде қысқы дөңгелекке ауыстыруды ескертуде.

Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында көлік иелері қысқы шиналармен жүруге міндетті. Бұл талапты орындамаған жағдайда жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл сома 19 660 теңгеге тең.

Қысқы дөңгелектің түрлері

Мамандардың айтуынша, қысқы дөңгелектердің бірнеше түрі бар.

Бұдырлы (шипованная) шиналар қатты аяз бен көктайғақта ең тиімді.

Фрикциялық немесе “жабысқақ” шиналар қар жауған және еріп жатқан кезде жақсы нәтиже көрсетеді.

Барлық маусымға арналған шиналар жұмсақ климатты өңірлерге жарайды, алайда суық аймақтарда олардың тиімділігі төмен.

Баға неліктен әртүрлі?

Дөңгелек ауыстыру қызметі жылына екі рет — көктем мен күзде — ең жоғары сұранысқа ие кезеңге айналады.
Баға, ең алдымен, дөңгелектің диаметріне байланысты. Мәселен, R13 дөңгелегін ауыстыру арзанырақ болса, үлкен диаметрлі шиналар қымбатырақ. Көптеген орталықтарда төлем төрт дөңгелек үшін бірдей есептеледі.

Кейбір шеберханаларда дөңгелекті түзеу немесе балансировка қосымша ақыға көрсетіледі.

Өңірлер бойынша бағалар

Ақтау – ең арзан баға тіркелген қала, мұнда қызмет құны 4 000 теңгеден басталады.

Тараз және Қызылорда – шамамен 5 000 теңге.

Орал, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Түркістан, Талдықорған қалаларында орташа баға 6 000 теңге.

Жол талғамайтын көліктерге (SUV) арналған қызметтің құны шамамен 20 000 теңгеге дейін жетеді.

Петропавл, Алматы және Павлодар қалаларында баға 7 000–22 000 теңге аралығында. Мұнда кейбір шеберханалар алдын ала жазылу жүйесімен жұмыс істейді.

Көкшетау, Ақтөбе, Семей, Өскемен қалаларында қызмет құны 7 500 теңгеден басталады. Ақтөбеде ірі диаметрлі дөңгелектерге баға басқа өңірлерге қарағанда төмен.

Астана мен Қостанай қалаларында дөңгелек ауыстыру ең қымбат саналады — қызмет құны 8 000–8 500 теңгеден басталады.

Мамандар кеңесі

Автожөндеу орталықтары жүргізушілерге дөңгелек ауыстыруға алдын ала жазылуға кеңес береді. Бұл қар жауған күндері ұзақ кезекте тұрудан сақтайды және қызмет сапасын арттырады.

Қысқы дөңгелекті дер кезінде ауыстыру — жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі.