фото: https://www.google.com/url azh.kz
Қазір күздің соңы, тұмау мен вирустық инфекциялар өршитін кезең. Дәрігерлер қазақстандықтарды сақ болуға шақырып отыр. Эпидемиялық маусым басталғалы елімізде зертханалық түрде А тұмауының бірнеше жағдайы тіркелген. Бұл вирус халық арасында «Гонконг тұмауы» деп аталып жүр.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, жыл сайын қазан айынан сәуірдің соңына дейін ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиялық кезеңі басталады.
– «Гонконг тұмауы» дегенде оны жаңа штамм деп қорқудың қажеті жоқ, оның ғылыми атауы - «Н3N2», алғаш рет 1968 жылы Гонконг қаласында анықталған. Сол жылдан бері бұл тұмау айналымда келе жатыр, А типті тұмаудан аса көп ерекшеленбейді. Адамның қызуы көтеріліп, басы ауырып, денесі сырқырайды, құрғақ жөтел бірнеше күнге дейін мазалайды. Осы кезде науқас өзін-өзі емдемей, тіркелген емханаға баруы керек немесе дәрігерді үйге шақырып ем алу керек, – деді Ж.Алпысбаев Jibek Joly телеарнасының «БҮГІН. Live» бағдарламасында.
Сарапшы иммунитетті сақтап, дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтану, бөлмені желдетіп, жылы сусын ішу, қолды сабындап жуу секілді қарапайым, бірақ маңызды кеңестерді ұстануға шақырады.
– Денсаулық сақтау министрлігі ай сайын, апта сайын ауада айналымда жүрген түрлі вирустарға мониторинг жүргізіп отырады. Қазақстанда 2025-2026 жылғы эипдемиялық кезеңінде тұмаудың 29 жағдайы тіркелді. Соның 28-і H3N2 болса, біреуі – H1N1. Жыл сайын эпидемиялық кезеңде екі мыңға жуық тұмау, 3-4 мың ЖРВИ жағдайы тіркеледі. Бұл қалыпты жағдай. Қазан айында тіркелген 29 тұмау да аса үрей тудырмайды. Дегенмен босаңсымау керек. Қоғамдық жерлерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көлікте мұқият болу керек. Өзіңіз ауырып тұрсаңыз, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, бетперде тағу керек, – деді маман.
Арнайы профилактикалық шаралардың бірі – екпе салу. Кепілдендірілген медициналық көмек аясында жыл сайын мемлекет есебінен 2 млн астам тұмауға қарсы екпе дозасы сатып алынады.
– Біз жыл сайын эипдемиялық кезеңге дайындық жүргіземіз, алдын ала болжам жасап, тиісті ғылыми институттардың пікірлеріне құлақ асамыз. Биыл H3N2, H1N1, Б типті тұмау штамдары болады деген болжамға сәйкес, вакцина құрамына осы штаммдар элементтерін салуға тырсамыз. Соны қабылдау арқылы, штаммдарға қарсы иммунитет қалыптасады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған балаларға, 65 жастан асқан қарттарға, жүрек-қан тамырлары, тыныс ауруларының созылмалы аурулары барларға, медициналық қызметкерлерге, дәрігер нұсқауымен жүкті әйелдерге тұмауға қарсы екпе тегін салынады. Оны алған адамдар тұмаумен ауырмайды, ауырса да жеңіл өткізеді, бронхит, туберкулез секілді асқынуларға жол бермейді.
https://kaz.inform.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через