Ең төменгі жалақы 158 мың теңге болуы керек

Ең төменгі жалақы 158 мың теңге болуы керек
фото: pixabay.com

Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу әдісі өзгерді. Мәжілісте халықаралық еңбек ұйымының «ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралды. Құжат Қазақстанды әлемдік стандарттарды сақтауға міндеттейді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы almaty.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Елімізде 329 мың азамат ең төмен жалақы алады. Олардың маңдай термен тапқан нәпақасы 80 мыңға да жетпейді. Бұл мәселеден Еңбек министрі хабардар. Айтуынша, олар келісімшартпен бірнеше сағат қана жұмыс істейді. Ал 780 мың адам 85 мың теңге айлық алады. Министр бұл жерде үлкен компаниялардың көлеңкелі экономикаға жол беріп отырғанын айтты. 

«Ірі кәсіпорындар негізгі салықтан кету үшін атаулы жарналар, атаулы төлемдерді республикалық бюджеттен тыс қорларға аударымдардың төлемдерін азайту үшін, 85 мыңды төлеп, басқасын конвертте беретіні бәріңізге мәлім»,  – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Ведомство басшысының бұлай деуіне биыл ел бойынша небәрі 18 азамат еңбек инспекциясына мардымсыз жалақыға қатысты шағымданғаны себеп болды.  Енді Светлана Жақыпова айлықты конвертпен беретіндермен күресті күшейтпек. Ол үшін жұмыс берушілерді декларация тапсыруға міндеттейді. Министрлік қазір Еңбек кодексіне өзгерістер әзірлеп жатыр. Осы тұста халықаралық тәжірибеге сүйеніпті. Сингапур мен Швецияда жалақыны мемлекет реттейтінін айтты.

 «Салалар арасында жалақы айырмашылығы үлкен. Бірдей біліктілігі бар маман бір салада 1 миллион теңгеден артық табыс тапса, басқа салада небәрі 400 немесе 220 мың теңгені қанағат етуге мәжбүр. Біз қазір әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, жақын арада ортақ талқылауды бастаймыз. Салалық келісімдерде еңбекақы төлеу шарттарын да қарастырамыз. Мысалы, тау-кен металлургия кешеніндегі жалақылардың айырмашылығын көре аласыздар», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Осы тұста депутат Ринат Зайыт минималды айлыққа қатысты мәселе көтерді. Оның сөзінше, Мәжілісте қаралған халықаралық конвенцияда ең төменгі жалақыны есептеудің бес әдістемісінде жалақы кемінде 90 мыңнан 101 мың теңгеге дейінгі аралықта шығады екен. Ал халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша, минималды айлық елдегі медиандық жалақының кемінде 50 пайызын құрауы тиіс. Депутаттың есебінше, Қазақстанда ең төменгі жалақы 158 мың теңге болуы керек. Алайда біздегі көрсеткіш басқа.

 «Бірақ бізге жеткен ақпарат бойынша бес әдістеме түрінің біреуін өсіруге Қаржы министрлігі қаржы жоқ деп жауап берген. «Қаржы жоқ» деген жалған сылтау деп ойлаймын, себебі бізде керек емес жаққа да жұмсалып жатқан қаржы бар. Оның бәрін айтып, қазір дау көтермей-ақ қояйық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт.

Депутат Ринат Зайыттың конвенциядағы бес әдістемеге сәйкес ең төменгі жалақы өсе ме деген сауалына Еңбек министрі қысқа ғана жауап берді. Светлана Жақыпова бұл өзгерістерге қосымша 48 миллиард теңге қажет екенін айтып, әзірге нақты шешім қабылданбағандықтан, қандай да бір уәде бере алмайтынын жеткізді. Ал төменгі палата тиісті заң жобасын қабылдады.