Балаларды зиянды тағам жарнамасынан кім қорғайды

Балаларды зиянды тағам жарнамасынан кім қорғайды

фото: almaty.tv

       Балаларды фастфуд пен құрамында қант, тұз және зиянды майлар шамадан тыс көп тағамдардың агрессивті жарнамасынан қорғау керек.

       Балаларымыз не жеп жүр? Дәл осы сұрақ қоғамды да, ата-аналарды да алаңдатуда. Осы себептен депутаттар мен қоғам белсенділері балалардың тамақтануы қатысты шектеулер енгізуді ұсынып отыр. 

       Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қоғамдық кеңістікті жаулаған фастфудтың агрессивті жарнамасын зерттеп, оны шектеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді. Президенттің айтуынша, мұндай жарнама балалар мен жасөспірімдер арасында зиянды тамақтану әдеттерін қалыптастырып, болашақта денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.

       Депутаттар қандай өзгерістер ұсынды?

       Балаларды фастфуд пен құрамында қант, тұз және зиянды майлар шамадан тыс көп тағамдардың агрессивті жарнамасынан қорғау керек. Мәжіліс депутаттары сарапшылармен бірлесіп, осы бағыттағы заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Ұсыныстар балалар мекемелеріндегі тағам өнімдерінің қолжетімділігін шектеуден бастап, әлеуметтік желілердегі жарнама мен өнім қаптамасындағы ақпаратты өзгертуге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.

       Бұл туралы Мәжіліс депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

       Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған шаралар жаппай тыйым салуға емес, нақты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге бағытталған. Бұл ретте олардың орындалуына кететін шығын да ескерілуі керек. Ұсынылған өзгерістердің алғашқысы – құрамында қант, тұз және зиянды майлар шамадан тыс көп өнімдердің жарнамасын шектеу.

       Атап айтқанда, мұндай тағамдарды балаларға арналған телеарналарда, балалар бағдарламаларында және балалар ұйымдарында жарнамалауға шектеу енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар депутат әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетін агрессивті жарнаманың да назардан тыс қалмауы керектігін айтты.

       Екінші бағыт – балалар жиі болатын орындарда мұндай өнімдердің қолжетімділігін азайту.

       Қазір мектептерде белгілі бір шектеулер бар. Алайда депутаттың пікірінше, заңнамадағы олқылықтарды жойып, талаптарды колледждерге, үйірмелерге, лагерьлерге, оңалту және балалар орталықтарына, сондай-ақ өзге де балалар ұйымдарына тарату қажет.

       Яғни мәселе тек мектеп асханаларымен шектелмеуі керек. Балалар тұрақты баратын барлық мекемеде олардың қандай тағам тұтынатынына назар аудару ұсынылып отыр.

       Өнімнің құрамындағы қант пен тұз туралы ақпарат көзге бірден түсуі керек

       Үшінші ұсыныс – тағам өнімдерінің құрамына қатысты ақпаратты тұтынушыларға түсінікті әрі қолжетімді ету.

       Қазір сатып алушылар өнімнің құрамын білу үшін қаптаманың артындағы ұсақ жазуларды оқуға мәжбүр. Депутат мұндай ақпаратты бірден байқауға мүмкіндік беретін ескерту белгілерін енгізуді ұсынып отыр.

       Мысалы, құрамында қант, тұз немесе зиянды майлар шамадан тыс көп өнімдерге арнайы ескерту орналастыруға болады. Мұны бастапқы кезеңде баға белгілерінен бастау, ал қаптамадағы ескерту жүйесін Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде ілгерілету ұсынылады.

        Аймағамбетовтің сөзінше, басқа елдердің тәжірибесі мұндай талаптардың өндірушілерге де әсер ететінін көрсетеді. Атап айтқанда, тұтынушыларға өнім құрамы туралы ақпарат ашық ұсынылса, өндірушілер де рецептурасын өзгертіп, тағамның құрамындағы зиянды компоненттерді азайтуға мүдделі болуы мүмкін.

       Әрбір алтыншы жасөспірім энергетикалық сусын ішеді

       Депутат тағы бір көтереген мәселелердің бірі – энергетикалық сусындарды тұтыну. Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетик сатуға тыйым салынғанымен, бұл шектеудің орындалуын күшейту қажет деп есептейді.

       Оның айтуынша, зерттеу деректері бойынша, шамамен әрбір алтыншы жасөспірім энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

       Осыған байланысты депутат бірнеше қосымша шара ұсынды. Біріншіден, қолданыстағы тыйымның сақталуын бақылауды күшейту қажет. Екіншіден, жеткізу қызметтері арқылы тапсырыс берілген кезде де сатып алушының жасын тексеру керек. Сондай-ақ энергетикалық сусындарды касса маңындағы сөрелерден алып тастап, балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікке шектеу қою ұсынылды.

       Энергетикалық сусындарды тұтынуға қатысты келтірілген деректер 2022 жылғы HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) зерттеуінде де көрсетілген. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әдіснамасына негізделген, Еуропалық өңірлік бюросымен бірлесіп 51 елде жүргізілетін зерттеу. Ол әр төрт-бес жыл сайын өткізіледі.

       Tengrinews.kz жариялаған мәліметке сәйкес, Қазақстандағы 11, 13 және 15 жастағы оқушылар арасында жүргізілген сауалнамада энергетикалық сусындарды мүлде тұтынбайтындардың үлесі 56,8 пайыз болған.

       Ал жасөспірімдердің 22,5 пайызы энергетиктерді аптасына бір реттен сирек ішетінін айтқан. 8,8 пайызы аптасына бір рет, 6,4 пайызы аптасына 2-4 рет тұтынатынын көрсеткен. Бұдан бөлек, 2,3 пайызы аптасына 5-6 рет, 1,4 пайызы күніне бір рет, ал 1,5 пайызы күн сайын бірнеше рет энергетикалық сусын ішетінін мәлімдеген.

       Мамандардың ескертуінше, энергетикалық сусындар қан айналымы жүйесінің аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге және артериялық қысымы жоғары азаматтарға қарсы көрсетілуі мүмкін. Олардың құрамындағы кофеин қан қысымын одан әрі көтеріп, жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Ауыр жағдайларда бұл инфаркт пен инсульт қаупін арттыруы ықтимал.

       «Балаларға бәріне тыйым салу көзделмейді»

       Аймағамбетовтің айтуынша, ұсынылған түзетулерді талқылау барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де қолдау білдірген. Депутат мемлекет балаларға барлық дәмді тағамға тыйым салуды немесе кәсіпкерлерге негізсіз кедергі келтіруді көздемейтінін атап өтті. Алайда ата-аналардан балаларына дұрыс таңдау жасатуды талап етіп, екінші жағынан жарнама мен сауда арқылы оларды керісінше өнімдерге қызықтыруға итермелеу дұрыс емес деп санайды.

«Біздің міндетіміз – отбасына көмектесу, оны бұл мәселемен жалғыз қалдырмау. Осы жағдайларды деректерге сүйене отырып, ақылға қонымды реттеу арқылы кезең-кезеңімен өзгертуіміз керек», – деді депутат.

       https://kaz.caravan.kz/

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите