"Шақырғанда келмейді": министрлік әскерге мәжбүрлі түрде алып кету әрекетін түсіндірді

"Шақырғанда келмейді": министрлік әскерге мәжбүрлі түрде алып кету әрекетін түсіндірді
фото: https://ortcom.kz

       Министрліктің айтуынша рейд кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді

       БАҚ пен әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдардың таралуы бойынша қорғаныс министрлігі түсіндірді.

       "Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады", - делінген хабарламада.

       Министрліктің айтуынша рейд кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады.

       "Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді", - дейді министрлік.

       Айта кету керек, мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты министрлік азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырады.

       https://sputnik.kz/