фото: pexels.com
Елімізде бедеулік диагнозымен есепте тұрғандар саны 3 есе артқан.
2019 жылы шамамен 10 мың болса, 2023 жылы 29 мыңға жуықтаған. Көпшілігі әйелдер. Ерлердің саны өте аз. Тізімде 102 азамат қана тұр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі бедеулік деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен бірдей. Қазақстандағы жұптардың 16-17 пайызы бала көтеруде қиындыққа тап болатын көрінеді.
Сәби сүйе алмай жүргендердің көбі алматылықтар. Мегаполистегі 4200 адам ата-ана атануды армандайды. Одан кейін Астана қаласында 2600 және Жамбыл облысында 2500 тұрғын ұрпағын жалғастыратын ұл-қызға зар болып жүр. Дегенмен мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасы біршама адамның балалы болуына септігін тигізді. Соңғы 30 жылда 140 мыңнан астам жұп ұрықтандыру эко әдісі арқылы емделіп, 39 мың сәби дүниеге келген. Бұл туралы Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасында жазылды.
2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалып, көптен күткен 10 мың сәби дүниеге келді.

Фото: pixabay.com.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бері 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалды. Шамамен 10 мың сәби дүниеге келді. Ал жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші 8 пайызға, түсік жасау жағдайлары — 13 пайызға азайды, — деді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергеноваа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аурудың алдын алу, сырқаттануды болдырмау және бала көтере алатын жастағы әйелдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынған.
— Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бұл әйелдердің денсаулығын бақылау, тексеру және жүктілікке дейінгі денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарлама. Жүктілікке дейінгі дайындықпен қамту көрсеткіші 23 пайызға дейін артты. Анемия, пиелонефрит, қант диабеті және артериялық гипертензиясы бар жүкті әйелдер 2024 жылдан бастап қажетті препараттармен тегін қамтамасыз етіліп келеді, — деді Мағрипа Ембергенова.
Сонымен бірге, акушерлік саласында емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп жатыр. Босану қызметтерінің тарифі 40 пайызға дейін артқан.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через