Ұлттық өнердің сахналық сиқыры

Ұлттық өнердің сахналық сиқыры

фото: Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры

       Алматыда өтіп жатқан «ALMATY THEATRE FESTIVAL» республикалық театр фестивалінде Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры көрермен назарына «Ортеке» спектаклін ұсынады. Қойылым 19 қараша күні сағат 15:00-де театр сахнасында көрсетіледі. Сторителлинг жанрында әзірленген туындының авторы әрі режиссері – Григорий Лайко.

фото: Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры

       15–20 қараша аралығында ұйымдастырылған өнер додасы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық мерейтойына арналған. Фестивальді Алматы қаласының әкімдігі, қалалық Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театры және Қазақстанның Театр сыншыларының бірлестігі қолға алған. Басқосудың басты мақсаты – отандық театр өнеріндегі тың ізденістерді саралап, сахналық шешімдерді кәсіби тұрғыда талқылау әрі шығармашылық байланыстарды нығайту. Бағдарламада түрлі жанрдағы спектакльдермен қатар, дәстүрлі өнер мен заманауи театрдың сабақтастығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция да бар.

фото: Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры

       Ал «Ортеке» қойылымы көрерменді қазақтың көне қуыршақ өнері мен халық аңыздарының ғажайып әлеміне жетелейді. Домбырадан күй төгілгенде ағаштан ойылған кішкентай текенің жан біткендей қимылдап, билеуі – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен ерекше өнері. Спектакльде аңызға айналған сал-серілердің бейнесі, ертегілер мен халық әңгімелері өзара өріліп, ұлттық музыканың әуенімен астасады. Домбыра, қобыз, сыбызғы сынды аспаптардың үні сахналық көрініске айрықша әсер беріп, қуыршақтар мен актерлер ойыны арқылы дәстүрлі мұра жаңаша сипатта ұсынылады.

       Ұлттық өнердің тамырына бойлайтын бұл қойылым – көне мұраны бүгінгі көрерменге заманауи сахна тілімен таныстырудың бір үлгісі. Театр ұжымының республикалық фестивальге қатысуы қуыршақ өнерінің көркемдік мүмкіндіктерін кеңінен танытып, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара үндестігін көрсетуге мүмкіндік береді. Өнерсүйер қауым 19 қараша күні «Ортеке» қойылымын тамашалай алады.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз