Астанадағы №117 жалпы білім беретін мектепте «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жас оқырмандарға арналған арнайы оқу орындары ашылды.
Білім ордасының екінші қабатында «12 ай – 12 кітап» және «Кітап оқитын ұрпақ – ел болашағы» деген атаумен кітап бұрыштары жасақталған. Сонымен қатар мектептің бірнеше қабатындағы коворкинг алаңдары да кітап оқуға бейімделіп, оқушылар мен ұстаздардың еркін отырып, рухани азық алуына мүмкіндік беретін ортаға айналды.
Бұл бастаманың түпкі мақсаты – балаларды кітаппен жақындастыру, оқу дағдысын күнделікті өмір салтына айналдыру. Өйткені кітаппен өскен ұрпақтың ой-өрісі кеңейіп, таным көкжиегі арта түседі. Ал мектеп қабырғасынан басталған осындай игі әдеттің болашақта үлкен нәтижеге жол ашары сөзсіз.