Алматыда жаңа үлгідегі ақылды қалалық көмекші іске қосылды
Алматыда қаланы танып-білуге, көрікті жерлерді табуға, мәдени іс-шаралар туралы ақпарат алуға және қажетті мәліметтерді білуге көмектесетін Jerry атты жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Бұл көшелерде орнатылған интерактивті смарт тақталар. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, жобаны қазақстандық CITIX компаниясы Visit Almaty ұйымымен бірлесіп жүзеге асырды, деп жазды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Қазіргі уақытта Алматыда 31 смарт тақта орнатылған. Олар Терренкурда, Республика сарайының маңында, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында, Панфилов және Төле би көшелерінде, Есентай мен Кіші Алматы өзендерінің жағалауларында, метро бекеттерінің, Орталық әмбебап дүкені мен Орталық мемлекеттік музейдің жанында орналасқан. Жақын арада тағы төрт құрылғы орнату жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі.
Смарт тақталар арқылы жақын маңдағы дәмхана, дәріхана, музей, дүкендер мен қоғамдық көлік аялдамаларын табуға болады. Жүйе құрылғының орналасқан жерін ескеріп, қажетті бағытты, оған дейінгі қашықтық пен жолға кететін уақытты көрсетеді.
Туристерге арналған дайын серуен бағыттары, көрікті орындар топтамасы және қаладағы концерттер, спектакльдер, көрмелер мен фестивальдер туралы ақпарат ұсынылған. Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Оны пайдалану тегін әрі тіркелуді қажет етпейді.
Смарт тақталарда Алматы тарихына арналған жеке бөлім де бар.
Qalam Media-мен бірлесіп әзірленген жоба аясында қаланың архивтік фотосуреттері сол орындардың қазіргі көрінісімен салыстырылған. Осы арқылы келушілер таныс көшелер мен ғимараттардың ондаған жыл ішінде қалай өзгергенін көре алады.
Сондай-ақ смарт тақталардан 102, 103 және 112 шұғыл қызметтерінің байланыс нөмірлері, құжат жоғалған жағдайда не істеу керектігі және медициналық көмек алу тәртібі туралы ақпарат табуға болады. Экрандарда ауа райы мен ауа сапасы туралы мәліметтер де көрсетіледі. QR-код арқылы бағыттар мен өзге де ақпаратты смартфонға жіберу мүмкіндігі қарастырылған.

Фото: Алматы әкімдігі.
Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейтованың айтуынша, туристер санының артуына байланысты цифрлық сервистерді дамыту өзекті бола түскен.
«Біз үшін жоғары көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, шаһар қонақтарына бұдан да қолайлы жағдай жасау маңызды. Туристер санының артуына байланысты заманауи туристік инфрақұрылым мен қолжетімді цифрлық сервистерді дамыту айрықша мәнге ие. Jerry жобасы туристерге көрікті жерлермен өз бетінше танысуға, серуен бағыттарын жоспарлауға және Алматыны аралау кезінде қажетті ақпаратты сол жерде алуға мүмкіндік беретін қосымша құралға айналады», – деді Ғалия Тоқсейтова.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген.
Оның ішінде 754 мыңы – шетелдік қонақтар. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қала қонақ үйлері 1,14 миллион адамға қызмет көрсеткен. Ал осы саланың кірісі 53,1 миллиард теңгеге жеткен.