Бүгін 17 қараша. Не өзгерді? Жұрт желіде не жазып жатыр

Бүгін 17 қараша. Не өзгерді? Жұрт желіде не жазып жатыр

фото: pixabay.com

17 қарашада әлеуметтік желілерде цифрлық апокалипсис болады деген болжам тарады: жаһандық кибершабуыл жасалып, интернет үш айға өшіріліп, банк шоттарындағы ақша нөлге айналады делінді. Бірі қолма-қол ақша мен азық-түлік жинаса, енді бірі ақырзаман туралы әзілдеп жатты. Бірақ айтылған күн келсе де, уәде етілген апат болған жоқ. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Tengri Life сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сонымен, қорқынышты болжамдар қайдан шықты және нақты техникалық ақаудың бұған неге қатысы жоқ?

"Интернет те, жарық та бар": адамдар 17 қарашаны қалай қарсы алды?

17 қараша келді, бірақ уәде етілген цифрлық апокалипсис әзірге болған жоқ. Интернет жұмыс істеп тұр, жарық өшпеді, ал әлеуметтік желі қолданушылары жаһандық блэкаут болады деп болжағандарды әзілмен еске алып жатыр.

"Сонымен, 17 қараша! Оянсам - интернет те, жарық та бар! Бүгін апокалипсис болады дегендер, қайдасыңдар? Өздеріңді ақтап бірдеңе жазыңдаршы. Мүмкін, басқа күнге ауыстырған шығар? Әлде әлі кеш емес пе?" - деп жазуда желі қолданушылары.

Threads әлеуметтік желісінен алынған скриншот

Скриншоттар: Threads

Бүгінгі күннің басты мәселесі байланыстың жоқтығы емес, уәде етілген ақырзаманға қарамастан жұмысқа бару қажеттілігі сияқты.

Скриншоттар: Threads

Пікірлерде желі қолданушылары болжамдарды келемеждеп, теория авторларынан жаңа ақпарат күтетінін айтып, кезекті ақырзаман мерзімі жай ғана басқа күнге ауыстырылуы мүмкін деп болжам жасаған.

17 қараша туралы теория қайдан шықты?

Кейінгі апталарда әлеуметтік желілерде 17 қарашада болуы тиіс ауқымды кибершабуыл талқыланды. Таралған хабарламаларға сәйкес, ол бүкіл әлем бойынша банктер мен цифрлық инфрақұрылымға әсер етуі керек еді.

Ең қорқынышты нұсқаларда интернет үш айға өшеді, банктік шоттар нөлге теңеледі, ал цифрлық инфрақұрылымды қалпына келтіруге тек аса дамыған жасанды интеллект қана көмектесе алады деп айтылды.

Бұл қауесеттің кең таралуына X әлеуметтік желісіндегі Wesley есімді бразилиялық қолданушының 2 қарашадағы жазбасы түрткі болды. Автор даркнеттен алынған "расталған" мәліметтерге сілтеме жасағанымен, ақпараттың тексерілмегенін өзі де ескерткен.

Скриншот: Threads

Сонымен қатар 17 мемлекет пен Еуроодақ азаматтарын төтенше жағдайға дайындалуға шақырды деген жарияланымдар үрейді арттыра түсті.

Алайда бұл хабарламалардың астарында әр түрлі уақытта және әр түрлі себептермен болған нақты оқиғалар жатыр.

Мысалы, 22 қазанда Ұлыбритания үкіметі төтенше жағдайларға, соның ішінде ауыр ауа райы жағдайларына байланысты халыққа арналған ұсынысын жаңартты.

27 қазанда Жапонияның төтенше жағдайлар министрі 2 қарашада азаматтарға табиғи апаттарға дайындалу туралы үндеу жасайтынын хабарлады. Бұған жаңа Ұлттық табиғи апаттарды басқару агенттігінің іске қосылуы себеп болды.

Сол күні Францияның Нормандия аймағының X-тегі ресми аккаунты тұрғындарға дағдарыс жағдайларына арналған 72 сағаттық авариялық жиынтық туралы еске салды. Бұл аймақта өтіп жатқан наразылық акцияларына байланысты болуы мүмкін.

Осылайша, биліктің әр уақытта жарияланған жекелеген ұсыныстары әлеуметтік желілерде "дайындалып жатқан жаһандық апат" туралы бір оқиғаға біріктірілген.

"Симпсондардың" бұған қандай қатысы бар?

Интернетте жаһандық блэкаутты "Симпсондар" болжаған деген нұсқа ерекше танымал болды.

Мультсериалдың 35-ші маусымында электр жарығының өшуі туралы It's a Blunderful Life атты эпизод шынымен де бар. Теорияны жақтаушылар бұл көріністі өз болжамының дәлелі ретінде пайдаланады.

Бірақ маңызды деталь бар: эпизодта жаһандық кибершабуыл, интернеттің өшуі және банктік шоттардың нөлге теңелуі емес, тек Спрингфилдтегі жарықтың өшуі туралы айтылады.

Сондықтан мультфильм сюжетін 2024 жылдың 17 қарашасындағы болжамды оқиғалармен байланыстыруға ешқандай негіз жоқ.

Неге бәрі Microsoft пен әуекомпанияларды еске алды?

Теорияны талқылауға тағы бір себеп шықты: белгіленген күнге аз уақыт қалғанда бірнеше елеулі техникалық болды.

12 қарашада Microsoft сервистерінің жұмысында ақаулар туындады. Әртүрлі елдердегі қолданушылар Outlook, Teams, Copilot және басқа да сервистердегі қиындықтар туралы хабарлады. Ақау бір тәуліктен аса уақытқа созылып, компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың жұмысына кедергі келтірді.

14 қарашада Microsoft сервистердің жұмысы қалпына келтірілгенін хабарлады. Компания бұл жағдайды техникалық ақаулармен түсіндіріп, қаскөйлік әрекеттердің белгілері табылмағанын мәлімдеді. Сондықтан Microsoft-тағы жаһандық іркіліс әлі жойылған жоқ деген тұжырым жарияланған ақпаратқа сәйкес келмейді. Сонымен қатар кейбір пайдаланушыларда әлі де ақаулар болуы мүмкін.

Скриншот: Threads

16 қарашада United Airlines әуекомпаниясында да техникалық іркіліс болды. Рейстерді ұшуға дайындауға қажетті жүйедегі ақауларға байланысты компания кейбір рейстерді кешіктірді. Әуедегі ұшақтар мен United Express рейстері зардап шеккен жоқ. Кейінірек тасымалдаушы мәселенің шешілгенін хабарлап, кибершабуыл белгілері жоқ екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ-та бірнеше ірі банктің клиенттері де іркілістерге тап болды.

16 қарашада JPMorgan Chase, Bank of America, Wells Fargo және U.S. Bank сияқты АҚШ-тың ірі банктерінің пайдаланушылары онлайн-сервистерге қол жеткізу мен операцияларды жүргізудегі қиындықтар туралы хабарлады. Reuters мәліметінше, негізгі техникалық мәселеге JPMorgan Chase ішкі жүйелеріндегі бағдарламалық қате себеп болған. Банк кибершабуыл белгілері табылмағанын мәлімдеді. Кешігулер Zelle арқылы жасалатын аударымдарға да әсер етуі мүмкін еді, бірақ төлем желісінің операторы жүйенің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

17 қарашада шын мәнінде не болуы керек?

Бұл күнмен байланысты "цифрлық апокалипсис" туралы теорияны одан әрі өршіте түскен бір нақты оқиға бар. Дәл 17 қарашаға АҚШ-та Emergency Alert System шұғыл құлақтандыру жүйесінің жалпыұлттық тексерісі жоспарланған болатын.

Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералды агенттік (FEMA) пен Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) жүйеге қатысушы радио және телеарналар арқылы тесттік хабарламаның берілуін тексереді.

Тест АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша сағат 14:20-ға белгіленген - бұл Қазақстан уақытымен 18 қарашаға қараған түн ортасынан кейін.

Бұл интернетті өшіруге дайындық емес, құлақтандыру жүйесінің кезекті тексерісі ғана. Күннің сәйкес келуі жаһандық кибершабуыл жоспарының бар екенін растамайды.

Теорияны жақтаушылардың тағы бір уәжі - әртүрлі елдердің үкіметтері халықты азық-түлік жинап, төтенше жағдайларға дайындалуға шақырып жатыр. Алайда дағдарысқа дайындалу бойынша ұсыныстар бұрыннан бар және олар міндетті түрде қандай да бір нақты оқиғамен байланысты емес. Вирустық жарияланымдарда көбіне әртүрлі уақытта және әртүрлі себептермен жарияланған құжаттар біріктіріліп көрсетіледі.

Қазақстанда не дейді?

Бұған дейін Tengrinews.kz бұл қауесет қайдан шыққанын және неге әртүрлі елдердің төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі ұсынысы әлем ортақ апатқа дайындалып жатқанын білдірмейтіні туралы жазған еді.

Қауесеттердің таралуына байланысты Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де бұл мәселеге қатысты ұстанымын білдірді. Министр Мұрат Мұханов қазақстандықтарға алаңдаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда азаматтарымыздың алаңдауына ешқандай негіз жоқ деп сеніммен айта аламын. Үкімет, соның ішінде ТЖМ, мұндай хабарламалар таратқан жоқ", - деді ол.

 

Материал Tengri Life сайтынан алынды.  

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз