2026 жылғы 11 қарашада сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «ДЫБЫСТАР – СУРЕТШІЛЕР КӨЗІМЕН» атты бірегей көркем жобасы салтанатты түрде ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Аталған көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, еліміздегі ең көне өнер ордаларының бірі – Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.
«Дыбыстар – суретшілер көзімен» көрмесінің негізгі тұжырымдамасы – музыка мен бейнелеу өнерінің арасындағы терең рухани байланыс пен жанды диалогты көрсету. Экспозицияға ұлттық мәдениет қайраткерлеріне, композиторлар мен ақындарға арналған, сондай-ақ музыкалық ырғақтардан шабыт алған кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейі.
Жобаның басты инновациялық ерекшелігі – оның интерактивті форматы. Көрме залындағы әрбір туындының қасына арнайы QR-кодтар орналастырылған. Көрермендер смартфон көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы суретшіні осы туындыны жасауға шабыттандырған музыкалық шығарманы тікелей тыңдай алады, сонымен қатар картиналар мен мүсіндерде бейнеленген тұлғалар туралы қызықты өмірбаяндық деректермен танысуға мүмкіндік алады.
Экспозицияның ауқымы мен маңызы оған қатысушы авторлар құрамымен айқындалады. Көрмеге Орал Таңсықбаев атындағы колледждің педагог-тәлімгерлері, Қазақстан Суретшілер одағының белгілі мүшелері мен халықаралық биенналелердің жеңімпаздары, сондай-ақ өнер ордасының талантты студенттері қатысады. Олардың қатарында:
Табиевтер әулеті (Азат және Саида Табиевтер) – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бақтияр Табиевтің шығармашылық жолын жалғастырушылар;
Қамар Дүйсембаева – белгілі суретші Кенжебай Дүйсенбаевтың дәстүрін ұлықтаушы қылқалам шебері;
Қазыбек Дулатов, Әліби Сейісов, Еркін Мақұлбаев – монументалды және заманауи мүсін өнерінің танымал өкілдері;
Нұрболат Асқар – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, республикалық байқаулардың жеңімпазы;
Әлішер Жүргенов – жанрлық сюжеттер шебері;
Индира Узбекова – халықаралық көрмелердің жеңімпазы, виртуоз-керамист және осы көрменің кураторы.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейі.
Ұйымдастырушы ретінде қатысып отырған Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі (іргетасы 1938 жылы қаланған) өзінің 90 жылға жуық тарихында өнер әлеміне он мыңнан астам білікті маман даярлап шығарды. Бүгінгі таңда білім ордасы академиялық мектептің дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи өнер үдерісіне жаңа медиа технологияларды белсенді енгізіп келеді.
Көрме бір ай бойы жалғасады. Өнер сүйер қауымды, БАҚ өкілдерін және қала қонақтарын заманауи өнер мен музыка тоғысқан бірегей көрмені тамашалауға шақырамыз!
Көрме кураторы: Индира Узбекова
БАҚ үшін байланыс: +7 747 718-76-68