Алматы қаласында полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа құралдардың бірі – биометриялық бейнеталдау функциясы бар AR-ақылды көзілдірік. Ол адамның бет-әлпетін ведомстволық дерекқорлар арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Құрылғы әзірге пилоттық режимде, бір дана көлемінде қолданылып жатқанына қарамастан, алғашқы практикалық нәтиже көрсетті. Жақында қаладағы мешіттердің бірінде осы құрылғының көмегімен Шымкент полициясының бастамасымен іздеуде жүрген ер адам анықталды, деп жазды Polisia.kz. Ақпарат тексерілгеннен кейін ол ұсталып, одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін тиісті органға тапсырылды.
Технология қызметкерге смартфон немесе планшетке алаңдамай-ақ, адамның бет-әлпеті бойынша іздеудегі тұлғамен сәйкестік болуы мүмкін екені туралы ақпаратты тікелей көзілдірік экранынан көруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе адам көп жиналатын қоғамдық орындарда патрульдік қызмет атқару кезінде маңызды. Себебі іздеуде жүрген адамдарды дер кезінде анықтауға жол ашады.
Алматы қаласының полиция департаментінде заманауи технологияларды қолдану жеделдікті арттыруға, іздестіру жұмыстарының тиімділігін күшейтуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.