«Жоғалып бара жатқан өнер» театр плакатының көрмесі

«Жоғалып бара жатқан өнер» театр плакатының көрмесі

фото: Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі

2026 жылдың 23 қазаны күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде ARTиШОК театрының «Жоғалып бара жатқан өнер» атты авторлық театр плакатының көрмесі ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Заман қанша жерден жұртқа жағымды болуды, ешкімнің көңіліне тимеуді талап етсе де, театр шындықты бүкпесіз айтып, сезім мен сананы сілкіндіретін, жүрекке қозғау салатын дүние жасау мүмкін еместей көрінген тұста да өз сөзін айтады.

Бұл жобасы арқылы театр ұжымы бүгінгі әлем қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастаған үрдістерге қарсы үн қатады. Авторлық қолтаңбаның көмескіленуіне, дайын қалыптардың үстемдік құруына, терең ойдың орнын жылдамдық басуына қарсылық білдіреді.

Бүгінде кез келген бейнені санаулы секундта жасауға болады. Көз тартарлық, ұтымды, көңілге қонымды бейне. Бірақ суретшінің өз көзқарасы, күмәні, қарсылығы бар. Ең бастысы – ол әлемге ұсынған туындысы үшін жауап береді.

Театр афишасы – өз табиғатында төңкерісшіл өнер. 

Әсіресе бүгінгі таңда. Ол өтіп бара жатқан жанның назарын өзіне аударып, үйреншікті түсінікті бұзып, көрермен театр табалдырығын аттамай тұрып-ақ оны ойлануға шақыра алады. Спектакль театр афишасынан-ақ басталады.

Альфонс Муха Сара Бернардың спектакльдеріне, ал Александр Родченко Революция театрына арнап афишалар жасады. Эжен Грассе «Жанна д’Арк» сахналық қойылымының афишасын әзірледі. Әр суретші театр плакатына өзіндік көркем тілін ала келіп, қала қабырғаларындағы өнердің болмысы туралы қалыптасқан түсінікті өзгертті.

Жиырма бес жыл ішінде ARTиШОК театры авторлық афишалардың ауқымды топтамасын жинады. Енді жүзге жуық плакат алғаш рет бір көрме аясында бас қосады. Әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы, әр спектакльдің өз әлемі, әр афишаның өз дәуірімен тілдесу тәсілі бар.

Бұл туындылардан тәуелсіз театрдың ғана емес, еліміздің де ширек ғасырлық тынысы аңғарылады. Жанға тыныштық бермеген мәселелер, күлкіге айналған құбылыстар, театрдың ымыраға келуден бас тартқан тұстары – бәрі де осы афишалардан көрініс табады.

«Жоғалып бара жатқан өнер» – бұл үндеу, қалыптасқан түсінікке тасталған сын-қатер. Театр бұл көрмені авторлық театр афишасының ұмыт болғанын қаламағандықтан ұйымдастырып отыр.

Ойы бар суретші мен қалыптасқан қағидаларға қарсы тұрудан тайынбайтын театр барда өнер жоғалмайды. Бірегей туындылар өз бағасын алып, қайталанбас шығармалар өз көрерменін табады.

 Көрменің ашылу салтанаты 23 қазан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде өтеді.

 Көрме 2026 жылдың 23 қазанынан 20 қарашасына дейін жалғасады.

ARTиШОК театры көрменің жүзеге асуына қолдау көрсеткен серіктестері – Қазақстандағы Гёте-институты мен printclub.asia ұжымына алғыс білдіреді.

 

 

Көрме кураторы  – Нугуманова Шолпан Мухамедкалиевна

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите