Алматыда студенттер лигасының жаңа маусымы басталды.Қаладағы 43 жоғары оқу орнының студенттері енді футбол, баскетбол және волейбол алаңдарында бақ сынайды. 2026–2027 жылдарға арналған маусымға 1500-ден астам студент қатысып, 128 команда жасақталған. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 20 командаға көп.
Жарыстарға қатысушылардың қарасы қалың. Футболдан 27 команда жеңіс үшін таласса, баскетболда 41 ерлер және әйелдер командасы сынға түседі. Ал волейболдан 60 команда тіркеліп, спорттың бұл түріне деген студенттердің қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Биыл лига қатарына жаңа оқу орындарының командалары да қосылды. Қатысушылар қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ-Америка университеті және Азаматтық авиация академиясы бар.
Жарыстар күзгі және көктемгі кезеңдерде өтеді. Алдағы сәуір айында жинаған ұпайларының қорытындысы шығарылып, маусым жеңімпаздары анықталады.
Студенттерге ойын барысын бақылап, командалардың нәтижесін біліп отыруға мүмкіндік беретін aslalmaty.kz бірыңғай сайты да іске қосылды. Мұнда матчтар кестесі, турнир нәтижелері, ойыншылар статистикасы мен жарыстардың трансляциялары жарияланады.
Алматыда қолға алынған бұл бастама жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жоғары оқу орындары арасындағы достық пен ынтымақтастықты да нығайта түспек.