2026 жылдың 6 қарашасы күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Георгий Макаровтың «Малевичпен сырласу» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Экспозицияға Казимир Малевичтің инженерлік супрематизмімен үндес көркемдік бағытта орындалған 34 туынды енген. Олардың қатарында акрил графикасы мен арт-нысандар бар. Арада бір ғасырдан астам уақыт өткенде Георгий Макаров орыс авангардының көркемдік жаңалықтарын жаңаша пайымдап, оларды өзіндік шығармашылық көзқарасы арқылы қайта зерделейді.
_1793268319.webp)
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
1915 жылы Казимир Малевич дәстүрлі кескіндеменің қалыптасқан қағидаларын түбегейлі өзгертіп, өнердегі жаңа дәуірдің басталуын айғақтаған әйгілі «Қара шаршы» туындысын ұсынды. Арада 111 жыл өткенде ХХ ғасыр өнерінің басты нышандарының біріне айналған осы туындының авторы мен оның шығармашылық мұрасына қайта үңілген Георгий Макаров «Малевичпен сырласуға» шақырады. Суретші өзінің жаңа көрмесі арқылы көрерменді де осы ойлы диалогқа қатысуға үндейді.
_1793268241.webp)
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Казимир Малевич – абстрактілі өнердің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті суретші әрі өнер теоретигі, супрематизм мен «қосымша элемент» теориясының авторы, конструктивизм мен сәулет өнеріндегі жаңашыл тұлға. Ол эксперименттік шығармашылық тәжірибелердің негізгі өкілдерінің біріне айналды. Макаровтың әрбір көрмесі – тың идеяларды іздеу, оларды бірізді дамыту және тосын көркемдік шешімдер арқылы жүзеге асыру жолындағы үздіксіз ізденістің көрінісі. Бұл жаңа жоба да әлемдік заманауи өнер тарихында айрықша орны бар ұлы шебердің мұрасын қайта пайымдауға, оның көркемдік ұстанымдарын талдап, өзіндік түсінік тұрғысынан зерделеуге бағытталған.
Көрмеге 34 туынды топтастырылған.
Мұнда кескіндеме мен графика өзара бәсекеге түсіп, жазықтық көлемге ұласады, абстракция мен бейнелі өнер тоғысады, таза түс кеңістікті баурап, геометриялық пішіндер тұтас бір әлемнің тәртібін айқындайды. Шығармалар саны кездейсоқ таңдалмаған: 1920 жылы Витебск қаласында Казимир Малевич супрематизмге арналған дәл осындай 34 графикалық жұмысын көрмеге қойған.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Георгий Макаров Малевичтің көркемдік әлеміне қайта үңіліп, оны жаңаша пайымдау арқылы акрил графикасы мен бедерлі композициялардан тұратын өзіндік көркемдік жүйесін қалыптастырады. Ғарыштың шексіз кеңістігінде жердің тартылыс күшінен азат геометриялық пішіндер қалықтап жүреді. Нысанаға ұқсас жазық пішіндер Малевичтің супрематизмнен кейінгі кезеңде жасаған шаруалар бейнеленген туындылар топтамасын еске салады. Жұмбақ құрылымдар оның конструктивистік архитектоникалық композицияларымен үндеседі. Ал барынша қарапайым пішіндерге келтірілген шеңберлер мен шаршылар өнерді форманың бастапқы нүктесіне – абсолютті нөлге қайта оралтқандай әсер қалдырады.
Экспозиция 2026 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады.
Көрме кураторы – Екатерина Резникова - өнертану кандидаты, көрме кураторы