Ақыл мен алгоритм тоғысқан дәуір

Ақыл мен алгоритм тоғысқан дәуір

фото: Ұлттық ғылым академиясы

Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері. Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдер ғалымдарының алтыншы форумы ашылды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық жиынға сегіз мемлекеттің ғылым академияларының басшылары, жетекші ғалымдар мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысуда. Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай өткен форум ғылымдағы серіктестікті нығайтып, бірлескен зерттеулерге жол ашуды мақсат етеді.

Жиынның басты тақырыбы – жасанды интеллектінің ғылымды дамытудағы мүмкіндіктері. Форумның ашылуында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа технологиялар зерттеуді жеделдетіп, күрделі үдерістерді талдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда оның айтуынша, жасанды интеллект ғалымның сыни ойлауын, ғылыми әдісін және кәсіби жауапкершілігін алмастыра алмайды. Ал ғылым мен жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық ғылыми әлеуетті біріктірудің маңызын жеткізді.

Қазақстан ғылымында жасанды интеллектіні тәжірибеге енгізуге бағытталған бірқатар жоба қолға алынған. Соның бірі – су ресурстарын басқаруға арналған DeepBAS платформасы. Ол су теңгерімін болжауға, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін бағалауға көмектеседі. 2027 жылдан бастап бұл технологияны еліміздің үш ірі су бассейнінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар AI SilkNet орталығы мен Qazaqstan AI for Science жобасы ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Форум аясында жасанды интеллектіні медицинада, білім беруде, мемлекеттік басқаруда, ауыл шаруашылығында, энергетика мен климаттық зерттеулерде қолдану мәселелері талқыланады. Төрт тақырыптық дөңгелек үстелде ғалымдар ортақ зерттеу жобаларын әзірлеу, ғылыми деректермен алмасу және жас зерттеушілерді даярлау жайын қарастырады. Сондай-ақ ТМД елдерінің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастығына арналған кеңестің XIV отырысы өтеді.

Айта кетейік, 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан ғалымдар форумы бұған дейін Мәскеу, Ереван, Минск, Бішкек және Душанбе қалаларында өткен. Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан алтыншы форум 30 қазанда жұмысын жалғастырады. Екі күндік кездесудің қорытындысында бірлескен зерттеулерді дамытуға және ғылыми-технологиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған ұсынымдар қабылдау көзделген.

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите