Аюлар тұтас қалаларды қоршап, адамдарға шабуылдауда

Аюлар тұтас қалаларды қоршап, адамдарға шабуылдауда

фото: https://pixabay.com

Қасқырлар да ауыл-ауылды жағалап кетті​

ЖИ саласындағы технологиялық бәсеке енді жабайы табиғатпен қақтығысқа ұласты. Финляндияда америкалық Google компаниясы алып "деректерді өңдеу орталықтарын" (ДӨО) салуға арналған алаңдарды дайындап жатыр. Осы мақсатта жүздеген гектар орманды отаған. Салдарынан жергілікті тұрғындар қасқырлардың елді мекендерге жиі еніп кете бастағанына шағымдануда.

"Google компаниясы Финляндияның солтүстігіндегі Мухос пен Отанмяки елді мекендерінің маңында жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын салып жатыр. Бірақ компания құрылыс үшін сатып алған жерді ағаштан тазартқан соң құны 13 млрд еуро болатын алып жоба қиындықтарға тап болды", – деп хабарлады The Guardian.

Мухос муниципалитетінде 330 гектар орман кесілген. Каяни ауданында тағы 200 гектар аумақтан ағаш оталған. Ең сорақысы, жұмыстар қоршаған ортаға ықпалды бағалаудың міндетті рәсімдері толық аяқталмай тұрып жүргізілген. Қазанда Финляндияның қадағалау органы дайындық жұмыстарын тоқтата тұру туралы бұйрық шығарды.

"Ағаштар кесілгеннен кейін сол жерді мекендеген қасқырлар ауылымызға келді. Дата-орталықтардың құрылысын реттеуді қатаңдатуды талап еткен петицияға 93 мыңнан астам адам қол қойды", – дейді жергілікті тұрғын Анни Ранта. Оны бұрын іске қосылған ДӨО-лар шығаратын үздіксіз гуіл де мазалайды. Тастақты топырақтың әсерінен дыбыс жан-жаққа сейілмей, кері жаңғырып, күшейе түседі. "Бұл тоқтаусыз соғылған барабанның үні секілді", – дейді тұрғын.

Дата-орталықтар өте көп су тұтынады, сондықтан оны үлкен өзен жанына салуда. Ол жер бұрын ну орманмен көмкерілген. Терең тамырлы қалың ағаш жойылған соң, батпақты сел жүріп, өзенге залал келтірілген.

Финляндия Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бас директоры Вели-Матти Уски Үкіметтің деректерді өңдеу орталықтарының жалпы дамуын жіті бақылап отырғанын және "қажет болған жағдайда заңнамаға тиісті түзетулер енгізуге дайын" екенін мәлімдеумен шектелді.

Ресейде аюлар шабуылдап, 17 өңірді үрей құшағында ұстауда

Солтүстік көршіде "қорбаңбайлардың" адамдармен қақтығысы бұрын да болып тұратын. 2026 жылы проблема алаңдатарлық ауқымға жетті. РБК дерегінше, 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Ресейдің 17 өңірінде аюлардың адамға шабуыл жасағаны тіркелді. Бұлар қатарында Чукотка автономиялық округі, Алтай, Забайкалье, Камчатка және Краснояр өлкелері, Амур, Архангельск, Вологда, Сахалин, Иркутск, Кемерово, Новгород және Томск облыстары, сондай-ақ Алтай, Хакасия, Бурятия мен Тыва республикалары бар.

Оқиға орнынан жеткен хабарлар майдан даласынан түскен суыт мәліметтерге ұқсайды. Хакасия Республикасы басшысының орынбасары Дмитрий Бученик "Абаза қаласы іс жүзінде аюлардың қоршауында қалғанын" мәлімдеді.

Жыртқыштардың шамадан тыс көбеюі және елді мекендерге жиі баса-көктей кіруі өңірлерді қатаң шектеулер енгізуге мәжбүрлеуде. Иркутск облысындағы Байкальск қаласында аюлардың кесірінен коменданттық сағат жарияланды. Томск облысында қауіпсіздік мақсатында ел көп жиналатын бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Сахалинде ауқымды спорттық марафоннан бас тартылды.

Краснояр өлкесінде жағдай нағыз төтенше сипат алды. Жыртқыштардың шабуылынан алты адам қаза тапқаннан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Арада екі күн өткенде тергеушілер тағы бір адамның мерт болғанын хабарлады. Аю бақшасында жүрген 51 жастағы әйелге шабуыл жасап, жарып тастаған.

20 қазанда Архангельск облысының Үкіметі жұртты есеңгіреткен тағы бір қайғылы оқиға туралы хабарлады. Пинега елді мекенінің маңында аю салған жарақаттан аңшы қаза тапқан. "Бізде аюдың адамға шабуылдауы 1978 жылдан бері тіркелмеген", – делінген ресми хабарламада.

Көршідегі қорқынышты үрдіс мұнымен бітпейді. Тывада жыртқыш шабуылынан мәскеулік турист қаза тапты. Алтайдағы Артыбаш шаһары маңында аю палатка ішінен 29 жастағы қызды сүйреп шығарып, өлтірген және оның денесін орманда топырақпен көміп тастапты. Вологда облысында да бір адамның аю шабуылынан қаза тапқаны тіркелді.  

Бұдан бөлек, соңғы уақытта Бурятия Республикасында, Камчатка өлкесінде және Томск облысында аю шабуылынан екі адам мерт болды. Иркутск облысында жеті адам қаза тапқан.

Жыртқыштар Ресей өңірлерін үрей құрсауында ұстауда

Алтай өлкесіндегі Сұлтан ауданында аю 15 жастағы жасөспірімге шабуыл жасағаннан кейін салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін осы маңда үш аю атып өлтірілген.

Кемеровода бірнеше күн бойы қала көшелерін кезген аю жойылды. Қызыл қаласында Ұлттық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондардың маңында пайда болған тағы бір аю атылды.

Жабайы аңдар азаматтардың жеке аумағына да кіріп кетіп жатыр. 15 қазанда Бурятияда дәмханаға енген аю өлтірілді. Юграда 19 қазан түнінде 83 жастағы зейнеткердің үйіне басып кірген аю атып тасталды.

Жыртқыштардың елді мекендерге жаппай жақындауына байланысты Тыва Республикасының 11 ауданында, Усть-Илимск пен Братск қалаларында, Кузбасс өңірінің бірқатар қаласында, Петропавл-Камчатскийде, Забайкалье өлкесінде жоғары дайындық режимі енгізілді.

Жағдайдың қаншалықты күрделенгенін Бурятиядағы Закаменск қаласынан да аңғаруға болады. Қаланы кезіп жүрген аюдың кесірінен мектептер мен техникум шұғыл түрде қашықтан оқытуға көшірілді.

Бұл оқиғалардың астарында бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше себеп жатыр. Ресейлік экологтардың түсіндіруінше, орман алқаптарын белсенді игеру, адамдардың шаруашылық қызметінің кеңеюі, жаппай ағаш кесу жабайы жануарлардың мекендеу аумағын тарылтты.

Алтайда және Сібірдің өзге өңірлерінде туристік жүктеменің артуы және елді мекендердің орманға жақын орналасуы қосымша қауіп төндіріп тұр. Жергілікті баспасөздің жазуынша, биыл Алтайға келетін туристер ағыны жабайы аңдардың шабуылы салдарынан 50 пайызға төмендеген.

Жыртқыштар популяциясының көлемі де маңызды рөл атқарады. Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігінің бағалауынша, елдегі қоңыр аюлардың саны 1990 жылғы шамамен 130 мыңнан бүгінде 307,9 мыңға дейін артты.

"Медиалогия" мониторингі көрсеткендей, 2026 жылдың жазында Ресейде аюлардың адамға шабуылы туралы хабарламалар саны 2025 жылдың жазымен салыстырғанда екі есе артқан. 2025 жылы ақпарат құралдарында осындай 12,7 мың хабарлама жарияланса, 2026 жылы олардың саны 23 мыңға жеткен.

Әлеуметтік желілерде Ресейдегі аю шабуылдары туралы жазбалар күрт көбейді. Мұндай жарияланымдар саны 2,2 есе өскен. 2026 жылы 151,8 мың хабарлама тіркелді. Салыстырғанда, былтыр 67,2 мың болыпты.

Ресейдің бірнеше өңірі аю аулаған аңшыларға қомақты сыйақы тағайындады. Атылған аюлардың саны мыңдап санала бастады. Тек Краснояр өлкесінің өзінде 1016 аю атып өлтірілген.

Аюлардың адамдармен қақтығысуы Солтүстік Америкада да алаңдатарлық деңгейге жетіпті. ABC News мәліметінше, АҚШ-тың Колорадо штатында аюларға қатысты оқиғалар жөніндегі хабарламалар саны бір жыл ішінде 97 пайызға артқан. Жануарлар тамақ іздеп үйлерге, автокөліктерге, тіпті қонақүйлерге дейін кіріп кетіп жатыр.

Outside басылымы АҚШ-тың 13 штатында, Канаданың төрт провинциясы мен Юкон аумағында аюлармен кемінде 73 рет бетпе-бет келу оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Олардың 64-і адамдардың жарақат алуымен немесе қаза табуымен аяқталған.

Жапонияда да аюлардың адамға шабуыл жасау жағдайлары күрт көбейді. Жергілікті Nippon.com басылымы Жапонияның биоалуантүрлілік орталығына сілтеме жасап, елдегі ахуалдың ушығып бара жатқанын жазды. Сарапшылар жағдайды "апаттық деңгейге жетті" деп бағалап, шұғыл шаралар қабылдауды талап етуде.

Аюлар саны "Күншығыс елінде" де күрт артыпты. Тюгоку аймағында – 270%, Кансайда – 169%, Тохокуда – 134%, Хоккайдода – 129%, Тюбу аймағында – 127%, Кантода – 126%-ға көбейді.

"Бұрын адамдар аюларға негізінен сатояма деп аталатын, яғни, адам мен жабайы табиғат қатар тіршілік ететін аумақтарда кездесетін. Енді мұндай жағдайлар қаламаңы тұрғын аудандарда, тіпті префектуралардың әкімшілік орталықтарында да тіркелуде. Аюлар адамдар тұратын аумақтардың ішіне барған сайын тереңдеп еніп келеді. Аюлардың шабуылы табиғи апаттармен, цунамимен салыстыруға болатындай деңгейге жетті", – дейді Орман шаруашылығы институтының ғылыми қызметкері Ониси Наоки.

Аюлармен қақтығыстардың жиілеуіне байланысты Жапонияның кейбір префектураларында тіпті Территориялық қорғаныс (тероборона) күштері іске жұмылдырылған. Бір жылдың ішінде елде аю шабуылдарынан 13 адам қаза тауып, 225 адам жарақат алған.

Еуропа елдері де бұл мәселенің ауыр зардаптарымен бетпе-бет келіп отыр. Еуропалық табиғатты қорғау ұйымдарының материалдарына сәйкес, Польша, Румыния, Болгария және басқа да елдерде адам өліміне әкелген оқиғалар тергелген. Румынияда соңғы бес жылда аюлар шабуылынан 14 адам қаза тауып, 150-ден астамы ауыр жарақат алған.

Аюға тап болсаңыз не істеу керек?

Сабыр сақтап, арақашықтықты ұлғайтыңыз. Жапониялық зерттеуші Ониси Наокидің пікірінше, өз қауіпсіздігіңді қорғаудың ең тиімді жолы – жыртқышпен бетпе-бет келмеуге тырысу.

Ол аюлар мекендейтін тауға немесе жабайы, тұмса табиғаты сақталған аумақтарға барғанда жануарға жақындап қалғаныңызды алдын ала білдіруге кеңес береді. Бұл үшін өзіңізбен бірге қоңырау алып жүріңіз, радионы немесе смартфонды қатты дауыспен қосып қоюға да болады.

Бұл – қауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі. Аюлар, әдетте, адаммен әдейі қақтығысуға ұмтылмайды. Адамның келе жатқанын алыстан естісе, көп жағдайда оған жоламай, басқа жаққа бұрылып кетуге тырысады.

Алайда жыртқышпен бетпе-бет кездесіп қалсаңыз, ең бастысы – үрейге бой алдырмау. Сарапшы салқынқанды әрекет етуге шақырады.

"Егер аюға тап болсаңыз, үрейленбеңіз. Ешбір жағдайда жалт бұрылып, қаша жөнелуге болмайды. Бұл жыртқышты артыңыздан қууға еліктіреді. Оның орнына ақырын шегініп, арақашықтықты біртіндеп ұлғайтыңыз. Егер аюдан қорғайтын арнайы спрейіңіз болса, абыржымай, оны себіңіз және жануарды назардан тыс қалдырмаңыз. Егер шабуылдан құтылу мүмкін болмай қалса, етпетіңізден жерге жатып, екі қолыңызбен желкеңізді және бетіңізді қорғаңыз", – дейді зерттеуші.

Аюларды адамдар мекеніне баруға не итермелейді?

Қалыптасқан шиеленісті жағдайды тек аюлар санының көбеюімен немесе олардың бұрынғыдан агрессивті бола түсуімен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Мәселенің астарында бірнеше күрделі фактор жатыр.

Бірінші фактор – қоректің азаюы. Жаһандық жылыну кесірінен бүкіл әлемде жидектердің, емен жаңғағы мен басқа да жаңғақ түрлерінің шығымдылығы күрт төмендеді. Олар күз түспей жатып, жерге сау ете түсіп, шіріп кетеді. Яғни, дәл қыс қарсаңында, "қорбаңбайлар" қоң жинайтын кезде олар жоқ немесе жеткіліксіз болады. Бұл аюларды азық іздеп, әдеттегі мекенінен алыстауға мәжбүр етеді. Өйткені мұндай өсімдік өнімдері олардың рационының негізгі бөлігін құрайды.

Екінші фактор – табиғи ландшафттың өзгеруі. Орманды жаппай отау, қаптатып жолдар, халықаралық дәліздер салу, өнеркәсіптік нысандар тұрғызу және туристік инфрақұрылымды кеңейту орман алқаптарын бөлшектеп тастайды. Салдарынан аңдар үйреншікті қозғалыс бағыттары мен паналайтын орындарынан айырылды. Олар қайда аяқ басса да, алдынан адам не көлік шыға келеді.

Үшінші фактор – адамның салғырттығы. Тамақтық қоқыс үйіндісі, ішінде азық-түлік бар туристік шатыр-палатка, қақпағы ашық қоқыс жәшігі жабайы аңның кездейсоқ келуін тұрақты әдетке айналдыруы мүмкін.

Егер аю үйлердің маңынан үнемі азық тауып жүрсе, ол сол жерге қайта-қайта оралады. Уақыт өте келе ол адамды қорекке жету жолындағы кедергі ретінде қабылдай бастауы да ықтимал.

Аю, қасқыр не басқа аңдар әкімшілік шекара дегенді білмейді. Орманның жойылып бара жатқанына да олар кінәлі емес. Олар қолжетімді азыққа, маусымдық аштыққа, қоршаған ортаның өзгеруіне қарай әрекет етеді.

Сондықтан мәселенің алдын алу жыртқыштарды атып жоюмен ғана шектелмеуі керек. Ең алдымен, олардың табиғи мекенін сақтау, қалдықтарды қауіпсіз жинап, жою, құрылыс жұмыстарын бақылау және адам мен жабайы табиғаттың қатар тіршілік етуіне мүмкіндік беретін өзге де шараларды үйлесімді жүзеге асыру маңызды.

Жабайы аңның адам мекеніне келуі – табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылып жатқанын аңғартатын дабыл. Орман тарылып, қорек азайып, адам табиғи аумақтарға тереңірек енген сайын, мұндай кездесулердің қаупі де арта береді. Табиғатты қорғау – жабайы жануарларды ғана емес, адамның өз өмірі мен қауіпсіздігін қорғау деген сөз.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите