Әлемдік киноөндірісте анимациялық фильмдерге жүздеген миллион доллар жұмсалады
Бұл шығын қысқа мерзімде әлденеше есе артығымен таза табыс болып құйылады. Мультфильм – баланың ойын ұштайтын танымдық-тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар. Ал елімізде анимация саласы әзірге қып-қызыл табыс көзіне айнала қоймаса да, авторлық, фольклорлық туындылардың желісімен жасалған анимациялық фильмдер бүгінде едәуір баршылық. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы egemen.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениеттің уызы мультфильмнен басталады
Қазақ мультфильмінің классикасы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» күні бүгінге дейін көрерменнің жүрегінде сақталған жып-жылы естеліктей ностальгиялық әсер береді. 1967 жылы түсірілген Әмен Қайдаровтың бұл туындысы қазақ анимациясының бастауы болды. Қарлығаштың рәміздік мәнін асқақтатқан фильм келесі жылы-ақ Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальда екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Автордың одан кейін түсірген «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» атты ани-мациялық фильмдері де ұлттық мультипликациясының олжасына айналды. Осы кезеңде отандық мультипликаторлар түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері алтын қорға қосылды.

Фото: pixabay.com.
Жалпы, қазақ анимациясының тарихында бүгінге дейін 200-ге жуық мультфильм түсіріліп, 30-дан астам анимациялық студия құрылыпты. Кейінгі он жылда бұл сала жанрлық ерекшелік пен жас көрсеткішіне қарай контент өндіру, түрлі тақырыптық бағыт пен стильдерді игеруде айтарлықтай алға басты. Атап айтқанда, кейінгі екі жылда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысы жанданып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен былтыр ашық питчинг өткізілді. Байқау нәтижесінде жас суретші-аниматорлар қатарға қосылып, конкурстық негізде бірқатар жаңа анимациялық жобалар жасалды. «Qupiya Nauryz», «Köleñke», «Su perisi», «Ūmaıdyń kóz jası», «Shańyraq», «Унисон» атты қысқаметражды мультфильмдер мен «Üyim qaıda?» «Айбынды аула» атты анимациялық сериалдық жобалар – осы өзгерістің нәтижесі.
«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Әйкен Жамбылованың айтуынша, бес бөлімнен тұратын «Айбынды аула» «Балапан» телеарнасынан да берілген.
«Былтыр жүзеге асырылған жобалар «Кинопоиск», «ТрансТелеКом» АҚ (КТЖ), онлайн-кинотеатр Megogo, Okko стримингтік платформаларда көрермен назарына ұсынылды. 2021–2025 жылдар аралығында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде дүниеге келген анимациялық жобаларды YouTube платформасындағы ресми арнамыздан көруге болады», дейді ол.
Сондай-ақ ол былтыр ғана жарыққа шыққан Майдан Тұрдыбек пен Тілек Тілеуғазының «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмі жетістікке жетіп те үлгергенін атап өтті.
«Туынды «Hiroshima Animation Season 2026» халықаралық анимациялық фестивалінің ресми іріктеуінен өтті. Бұл Жапонияның Хиросима қаласында екі жылда бір рет өткізілетін, «Academy Awards» (Oscar) аккредитациясына ие кинофестиваль. «Алтын адамның» осындай дүбірлі байқаудың ресми іріктеуіне енуі – қазақ анимациясының халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсететін маңызды жетістіктердің бірі болды», дейді Ә.Жамбылова.
Бұдан бөлек «Köleñke» мистикалық экшені, «Su perisi» фолк-хорроры мен «Shańyraq» драмасы беделді «PFCAT 2026» фестивалінің негізгі бағдарламасына іріктеліп өтті. Аталған туындылар фестиваль аясында халықаралық көрерменге алғаш рет ұсынылмақ.
Бірлестік жетекшісінің айтуынша, отандық анимацияны кең аудиторияға таныту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Мәселен, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі алғаш рет «Comic Con Astana» фестиваліне қатысты.
Биыл да ашық питчинг өткізіліп, іріктелген жаңа анимациялық жобалар өндірістік кезеңге жолдама алды. Атап айтсақ, «Saqshy Qysdar-ai», «Qara shańyraq», «Ayajan älemi», «Örken», «Qyzyl Tymaq», «Tazy», «Jіbek Joly» атты қысқаметражды анимациялық фильмдермен қатар, «Uyim qaida?» сериалдық жобасы бар. Туындылар қазір дайындық кезеңінен өтіп, бірқатары өндіріс пен түсірілім жұмыстарында тұр.
«Жобаларда ұлттық мәдениет пен дәстүрді заманауи анимациялық тілмен жеткізуге, жас көрерменге қызықты әрі мазмұнды туындылар ұсынуға басымдық берілді. Қазір шығармашылық топтар жобаларды сапалы түрде аяқтап, көрерменге ұсыну үшін өндірістің барлық кезеңі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта бұл туындылардың жарық көруі анимация қорын жаңа шығармалармен толықтырып, саланың дамуына ерекше серпін береді», дейді бірлестік жетекшісі.
Сондай-ақ ол алда жаңа авторлар мен жас мамандарды анимация өндірісіне тартып, кәсіби тәжірибесін арттыру мақсаты тұрғанын айтты. Осы орайда талапты студенттер мен жас авторларға арналған практикалық сабақтар мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру көзделген.
«Біздің мақсатымыз – тек мультфильмдер шығару емес, елімізде тұрақты әрі кәсіби анимация индустриясын қалыптастыру. Ол үшін шығармашылық мамандардың басын қосып, жас авторларға мүмкіндік беріп, өндірістік базаны тиімді пайдалану, халықаралық тәжірибемен алмасу жұмысын одан әрі дамыту қажет», дейді Ә.Жамбылова.
«Бесік жыры» қаралымы – 80 миллион!
Анимациялық мультфильмдер – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тарихты көрсететін, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір идеологиялық құрал. Яғни осы құрал арқылы кез келген тақырыпты, кез келген образды насихаттауға болады. Қазіргі жарыққа шығып жатқан анимациялық туындылардың танымдық деңгейі қандай? Тақырыбы не? Ойдағы сауалымызды бірлестік жетекшісінен сұрап көрдік.
«Қазақтың халық ертегілері мен аңыздары негізінде жасалған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» «Алдар көсе», «Тазша бала», «Ер Төстік пен айдаһар» сынды анимациялық туындылар тапқырлық, әділдік, батылдық пен адамгершілік секілді қасиеттерді дәріптейді. Бұл шығармалар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен халық мұрасын заманауи анимация тілімен жаңа буынға ұсынады. Ал тарихи оқиғалар мен батырлық дастандарға негізделген «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Шоқан. Қашқария сапары», «Алтын адам» секілді анимациялық фильмдер ұлттық тарих пен тарихи тұлғаларды жас көрерменге таныстыруға бағытталған», деді Ә.Жамбылова.
Отандық мультфильмдерге келгенде қоғамда түрлі сыни пікір айтылады. Бір тарап анимациялық фильмдер тек батырлық ұстанымға, яғни бәрі бір үлкен идеяға жетелейді деп санаса, енді бір тарап қыз балалардың Эльзаны («Холодное сердце», Disney) ерекше жақсы көретіні эстетикалық сапалы әрі жеңіл дүниелердің аздығынан дейді.
Аниматор Мейіржан Сандыбайдың айтуынша, тәрбиелік-танымдық мультфильм жасауда ең әуелі баланың жас ерекшелігі, қызығушылығы мен қабылдау деңгейі ескерілуі керек. Алайда тәрбиелік мазмұнды алға шығарып, оқиғаны екінші орынға ысыруға болмайды.
«Ең алдымен қызықты мультфильм жасау керек, тәрбиелік ой соның ішінде табиғи түрде берілуге тиіс. Балаға тікелей ақыл айтқаннан гөрі, кейіпкердің әрекеті, таңдауы, қателігі мен одан шығарған қорытындысы әлдеқайда әсерлі. Қазіргі баланы мінсіз батырдан гөрі өзіне ұқсайтын, қорқатын, қателесетін, кейде ұтылатын, бірақ сол арқылы өсетін кейіпкер көбірек қызықтырады. Оның мінезінде әзіл де болуы қажет. Өйткені бүгінгі балалар үшін юмор – көрерменді ұстап тұратын маңызды құралдардың бірі», дейді ол.
Аниматор ұлттық ерекшелікті де сыртқы белгілермен ғана көрсету жеткіліксіз деп санайды.
«Ұлт кейіпкерін жасау үшін оған міндетті түрде шапан кигізіп, қолына домбыра ұстату шарт емес. Оның қазақылығы мінезінен, сөйлеуінен, отбасына, достарына, үлкенге, табиғатқа қарым-қатынасынан сезілуі керек. Ұлттық дүниені қазіргі балаға түсінікті заманауи визуалдық тілмен ұсына білу маңызды. Сапалы сценарий, драматургия, дыбыс, визуалдық стиль мен заманауи анимация техникасы нарық талабына сай болуға тиіс. Туындыны жасау – жұмыстың жартысы ғана. Оны YouTube, стриминг платформалары мен әлеуметтік желілерде көрерменге дұрыс жеткізе білу де сондай маңызды шаруа», дейді М.Сандыбай.
Кез келген сала бәсеке болса ғана қарыштап дамиды. Үлкен өзгерістерге жол бастайды. Аниматор Димаш Әмірбек бүгінде қазақ анимациясында ішкі бәсеке қалыптаса бастаған дейді. Жас аниматорлар мен авторлық жобалардың көбеюі – саланың дамуына серпін беретін жақсы үрдіс. Дегенмен халықаралық нарықта бәсекеге түсу үшін өндіріс сапасын арттырып, кәсіби тәжірибені әлі де жетілдіру қажет.
«Сапалы анимациялық фильмнің негізі препродакшн кезеңінде қаланады. Режиссура, сценарий, аниматик пен арт-дирекшн осы кезеңде жан-жақты пысықталуға тиіс. Бұған жеткілікті уақыт бөлінбесе, кейінгі өндірісте кеткен олқылықтың орнын толтыру қиын. Бұдан бөлек салаға білікті мамандар қажет. Олардың кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі оқыту бағдарламаларын бастаған жөн. Жобаға жеткілікті уақыт пен қаржы бөлініп, заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибе қолданылғанда ғана анимациялық туындының сапасы артады», дейді ол.
Қазір қазақтілді анимацияға деген сұраныс күн санап артып келеді. Мұны YouTube платформасындағы көрсеткіштер айқын дәлелдейді. Мәселен, «Бесік жыры» мультфильмі 80 миллионнан астам қаралым жинаса, «Мұзбалақ» туындысы 10 миллионнан асып түскен. Тіпті балалар бұл мультфильмдерге пікір қалдырып, өз әсерлерімен бөліскен. Демек қазақ тіліндегі контентке сұраныс бар деген сөз. Бұл сұраныс ескерілмесе, оның орнын сыртқы, өзге тілдегі өнімдер басары да анық. Ендігі міндет – сапалы өнім мен жақсы жарнама жұмыстары қарқын алғаны абзал.
Материал egemen.kz сайтынан алынды.