Түн ішінде қатты шуылдайтын мото және автокөлікпен жүретін азаматтарға жаза қатаңдатылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Түн ортасында адамдардың мазасын алатын жүргізуші жастардың іс-әрекеті үкімет мүшелерін де алаңдата бастады. Осыған байланысыты бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министріне арнайы тапсырма берді.
— Мына қатты шуылдайтын мото және автокөлік мәселесін біз бірнеше рет өзіңізбен талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау керек. Әйтпесе түннің ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? , — деп сұрады Олжас Бектенов министрден.
Министр мұндай фактілердің бар екенін жасырған жоқ.

Фото: Kazinform\ЖИ
— Полиция тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде цифрлық шешімдер, камералар оған көп көмектесуде, камералармен анықтаймыз. Жалпы, қоғам қазір белсенділікті арттырып жатыр. Адамдар өздері телефон арқылы шалып, 102-ге осындай мәліметтерді хабарлайды. Жыл басынан бері осындай 372 факті орын алды. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 55-і қамаққа алынды. Автокөліктер, мотоциклдер айыппұл тұрақтарына қойылады, — деді ол.
Сонымен қатар Ержан Сәденов осы бағыттағы жұмыс күшейтілетінін атап өтті.
— Оларға айыппұл емес, қамау керек, — деді осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.