Қазақстандағы барланған мұнай қоры қазіргі өндіру қарқыны сақталған жағдайда шамамен 55 жылға жетеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, еліміздегі өндіріп алуға болатын баланстық мұнай қоры 4,26 миллиард тонна. Бұдан бөлек, 0,17 миллиард тонна баланстан тыс қор бар.

Фото: Kazinform
Еліміздің мұнай қоры жаңа кен орындарын барлау және қолданыстағы қорларды қайта бағалау есебінен толығып келеді.
— Қазіргі өндіру қарқыны сақталған жағдайда Қазақстанның мұнай қоры шамамен 55 жылға жетеді. Бұл есеп 2025 жылғы 1 қаңтардағы қор көлемі мен жылдық өндіріс көрсеткіштеріне негізделген. Сонымен қатар елдің мұнай қоры жаңа кен орындарын барлау және қолданыстағы қорларды қайта бағалау есебінен толығып келеді. Соңғы бес жылда геологиялық барлау, қайта бағалау және жаңа кен орындарын мемлекеттік есепке қою нәтижесінде қор көлемі 404,7 миллион тоннаға артқан. Оның 66,4 миллион тоннасы алғаш рет мемлекеттік есепке алынған кен орындарына тиесілі, — делінген министрлік мәліметінде.
Осы кезеңде мемлекеттік есепке алғаш рет 38 көмірсутек кен орны енгізілген. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылы — 8, 2021 жылы — 10, 2022 жылы — 8, 2023 жылы — 7, 2024 жылы 5 кен орны есепке қойылған.
Қазір Қазақстанда 190 мұнай кен орны игеріліп жатыр.