Непалдағы табиғи апаттан соң іс-түссіз кеткендер арасында 3 отандасымыз да бар
Непалда сұрапыл тасқыннан қаза тапқандар саны мыңнан асып кетті. Тағы 3900-дей адам әзірге табылған жоқ. Жоғалып кеткендердің 600-і - батпақтың астында қалған гидро электрлі станция жұмысшылары болса керек.
Осы тасқынға санаулы минут қалғанда мектеп директоры 900 баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлады "Қазақстан" ұлттық арнасы. Раджендра Давади топан су ғимаратты шайып кетпес бұрын оқушыларды қауіпсіз жерге көшірген. Оған 20 мұғалім көмектескен. Алғашында Раджендра, мектеп өзеннен 3 метр биіктікте тұрғандықтан, қауіп жоқ деп ойлаған. Алайда су деңгейі тоқтамай көтеріліп жатқанын көргенде ол, қоңырау соғып, жүздеген баланы дереу сыныптан шығарып, жылдамдатып биік жерге жеткізіп үлгерген. Арада 10 минут өткенде таудан көшкен алапат сел мектепті шайып әкеткен
Раджендра Давади, мектеп директоры:
Су жақындап қалғанын естігенде сабақты дереу тоқтатып, қоңырау соғып, белгі бердік. Автобус жүргізушілеріне хабарласып, көлікті мектепке жақындатпай, алысқа тоқтауды тапсырдым. Балаға лық толы автобустардың бірі мектеп аумағына кірген еді. Алайда қауіпсіз жерге кері қайтардым.
Осы Непал-Қытай шекарасында болған табиғи апаттан соң іс-түссіз кеткендер әлі іздестіріліп жатыр. Солардың ішінде 3 отандасымыз да бар.
Жойқын су тасқынынан мыңнан астам адам қаза тапты
Непалдың Қытаймен шекаралас аймағында өткен аптада болған жойқын су тасқынынан кемінде 1003 адам қаза тапты. Бұл туралы сейсенбі күні Непалдың төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасына сілтеме жасап ВВС хабарлады, деп жазды ҚазАқпарат.
3900-ден астам адам әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың арасында Тришули өзені бойындағы су электр станцияларының лайға толған ауқымды туннельдер желісінде қалып қоюы мүмкін 600-ден астам жұмысшы бар. Қазір инженерлер туннельдерге ауа жіберіп жатыр.
Құтқарушылар тобы туннельдердің біріне кіріп үлгергенімен, жер астынан ешкімді таппаған.
Непал Премьер-министрі Балендра Шахтың айтуынша, дүйсенбі күні электр станцияларынан 279 адам құтқарылған.
Құтқару операциясын Қытай мен Непал әскери қызметшілерінен құралған халықаралық топ жүргізіп жатыр. Оған Үндістан, Корея және Аустралия мамандары да қатысып жатыр.
Ақпарат "Қазақстан" ұлттық арнасы ,ҚазАқпарат агенттігінен алынды.