Куба елі дағдарысты бастан кешуде

Куба елі дағдарысты бастан кешуде

фото: https://pixabay.com

Туризмі 4 миллионнан 450 мың туристке дейін құлдырады.

Бұрынғы гүлденген курорт неге сонша мүшкіл халге жетті? 

Бүгінде Куба Голливудтың ақырзаман туралы фильмдеріндегі көрініске ұқсап кетті. Жаппай жайлаған бензин дағдарысының және еңсені езген алапат санкциялардың кесірінен "Еркіндік аралының" экономикасы апат құрдымына құлап барады.

Ресми статистиканың өзі үрей туғызады. Дүниежүзінде тіпті ең артта қалған немесе соғыс жүргізіп жатқан елдердің өзі 1 пайызға жуық өсім көрсеткенде, аққұла Куба ғана кері кетуде. 2020 жылдан бері Куба экономикасы кем дегенде 15 пайызға құлаған. Биыл саяхатшылар мен инвесторлардың жаппай теріс айналуы да қосымша соққы болды.

Бір кездері миллиондаған қонақтың көңілін баураған, жүрегін жаулаған курорт-мекен бүгінде қаңыраған қонақүйлердің, қираған кәсіпорындардың, жабылған дүкендердің қараң қалған жұртына айналды. Жазда Кубаға барып қайтқан аз шоғыр туристер әлеуметтік желіде шошына еске алады. Экзотикалық демалыстың орнына қараңғы түнекке, ауызсу тапшылығына, антисанитарияға тап болған.

2026 жылдың алғашқы сегіз айындағы туризм көрсеткіштері салаға шығарылған үкімдей әсер қалдырады. Өткен бейсенбіде Кубаның Ұлттық статистика және ақпарат басқармасы (ONEI) жариялаған деректерге сәйкес, қаңтар–тамыз айларында елге бар болғаны 450 353 халықаралық турист келген. Бұл көрсеткіш тіпті нашар саналған өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64,4 пайызға бір-ақ құлаған.

Осылайша, Вашингтонның ақ батасымен өркен жайған Кубадағы туристік дүмпу тарих қойнауына кетті. АҚШ пен Куба арасындағы дипломатиялық "жылымық" дәуірінің алтын жылдарында, яғни, 2018 және 2019 жылдары Ақ үй америкалықтардың іргедегі Кубаға сапарына қойылған шектеулерін уақытша алып тастаған еді. Осының арқасында сол жылдары аралда сәйкесінше 4,6 миллион және 4,2 миллион саяхатшы демалғаны енді қиялдай көрінеді.

"Кубаға шетелдік валюта түсіретін үш негізгі көздің бірі болып табылатын туризм COVID-19 пандемиясынан бері дағдарыста. Алайда АҚШ-тың былтырғы қаңтардан бері енгізіп жатқан жаңа, екінші реттік санкциялары халықаралық әуе рейстерін тоқыратты, жетекші халықаралық қонақүй желілерінің елден кетуіне түрткі болды және туризм саласын түпкілікті күйретті", – деп түсіндірді EFE ұлттық ақпарат агенттігі.

Әсіресе, Кубаны туристерімен қамтып келген басты қайнар – канадалық нарықтың күрт сұйылуы саланың қабырғасын қайыстырды. Биылғы 8 айда аралға небәрі 128 400 канадалық келді. Салыстырғанда, былтыр бұл көрсеткіш 526 239 саяхатшыны құрап еді. Құлдырау 75,6%-ға жетті.

Шетелде тұратын кубалық диаспораның қонаққа келуі де туризмнің дамуына түрткі болатын, енді олар да аяқ тартып отыр. Жыл басынан 103 481-і ғана келіп кеткен, бұл былтырғыдан 35,6% аз. АҚШ-тан небары 41 971 турист тынықты. 50% кем. Мексика (22 246) және Аргентина (15 144) сияқты басқа да негізгі нарықтардан келушілер 40%-ға төмендеді. Ресейлік дәстүрлі лек 73%-ға құлдырады. Небәрі 21 563 турист келген.

Бұл жай ғана проблема емес, күйреудің көрінісі. Кезінде әлемді таңғалдырған Кубаның алып туристік машинасы жолаушыларын да, әуе рейстерін де, қонақүй брендтерін де, электр энергетикасын да шетінен жоғалтып жатыр. Күні кеше Куба Үкіметі АҚШ қысымы кесірінен елден онға жуық халықаралық қонақүй операторларының кетуге мәжбүр болғанын мойындады. Олар елдегі жалпы саны 80 мыңнан асатын қонақүй нөмірлерінің жартысынан көбін басқарған еді.

Кеткендердің арасында испаниялық Meliá, Iberostar, Barceló, канадалық Blue Diamond, индонезиялық Archipelago International, түркиялық ATG және басқа да қонақүй желілері бар. Euronews хабарлауынша, тек Meliá компаниясының өзі Кубадағы барлық 34 қонақүйін тоқтатқан.

Жаңа реформалар мен "солинерлер" дәуірі басталды

Жағдайды түзетуге тырысқан коммунистік Куба билігі тәуекелге бел буып, бұрын ешқашан дәті жетпеген қадамға барды. Үкімет ауқымды 176 реформадан тұратын жаңғырулар пакетін жариялады.

Басты жаңалық – жеке бизнеске жол ашылады. Өз ісін ашқысы келетін пысық кубалықтарға енді тек жанбағыс үшін ғана табыс табумен шектелмей, төл бизнесі арқылы баюына рұқсат етілді. Мемлекеттік бақылаудан жеке секторға табысталатын сегменттер арасында қонақүйлерді басқаруға алу, автокөлік пен мопедтерді жалға беру, туристерді өзі қалаған тарифімен тасымалдау, ресми гид және турагент ретінде жеке жұмыс істеу құқығы және өзгесі бар.

Жаңа коммерсанттардан бар-жоғы 1 пайыздық қана салық жинау жоспарлануда. Шенеуніктер бұл ақшаның экотуризмді дамытуға және кубалық сервис имиджін жақсартуға жұмсалатынына уәде берді.

Дегенмен, дағдарыстың түпкі себептері өзгеріссіз қалды. Электр жарығы бірнеше күнге дейін сөніп қалатын елде қонақүйлердің саяхатшыларға лайықты деңгейде қызмет көрсетуі қиын. Олар жаппай генераторлар сатып алуда. Әйтсе де, отын тапшылығы аясында бұл жарық қайнары да тез тоқтап қалады.

Қыркүйек айында ұлттық энергетикалық жүйе жыл басынан бері 8-ші рет жалпыұлттық коллапсты өткерді. Қыркүйекте ең жоғары жүктеме сағаттарындағы қуат тапшылығы 2 000 МВт-тан асып кеткен. Елдің 65 пайызына дейінгі аумақ жарықсыз қалуда, деп мәлім етті EFE агенттігі.

Куба нені таңдайды: социализм елесі ме, нарық заңы ма?

Биылғы маусым айында ел Парламенті – Ұлттық ассамблея елдегі 176 экономикалық реформалар пакетін мақұлдады. Ал, қыркүйекте оған қосымша, жеке бизнес пен шетелдік капиталдың кеңістігін одан ары кеңейтетін жаңа түзетулер қабылданды. Reuters бұл үдерісті "сонау 1959 жылғы революциядан бері болмаған, Кубаның социалистік экономикалық моделіндегі ең ауқымды өзгеріс" деп бағалады.

Жаңа реформалар нені қарастырады

Жеке компанияларға мемлекеттің делдалдығынсыз, шенеуніктердің рұқсатынсыз, шетелдік банктермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Бизнестің шетелдік инвестиция мен қаржыландыруды тартуы және сыртқы сауда-саттықпен өз бетінше, дербес айналысуы жеңілдетілді.

Шетелдік инвесторларға мемлекеттік агенттіктің бергенін ғана місе тұтпай, жұмысшыларды, білікті кадрларды өзі қалағанынша, тікелей жалдауға, немесе команданы өзімен бірге әкелуіне рұқсат етілді.

Жылжымайтын мүлікті сатып алуда, туризм саласында шетел капиталына қосымша мүмкіндіктер ашылып жатыр.

Сонымен бір мезгілде әлемдік ақпарат құралдары Кубадағы күйзелістің ушығып бара жатқанына назар аудартуда. Телеарналар банктер алдындағы ұзын-сонар кезектерді, қолма-қол ақша тапшылығын және тоқтаусыз құнсызданған ұлттық валюта – песоның сатып алу қабілетінің күрт жоғалтуын мәселе етіп көтерді.

2021 жылдан бері ұлттық валюта өз құнының 90 пайызына жуығынан айрылған. Ресми инфляция 2026 жылы 25 пайыздан асып түсті. Билік амалсыз, үлкен номиналдағы банкноттарды шығаруға мәжбүр. Сондай-ақ жаңа тарихында алғаш рет жекеменшік валюта айырбастау пункттерін ашуға рұқсат берді.

Әрине, формальды түрде Гавана социализм мен коммунизмнен бас тартпайды. Ел Президенті Мигель Диас-Канель реформалар керісінше, "социализмді қорғауға арналған" деп мәлімдеді. Алайда елдегі экономикалық шынайылық бұрынғы коммунистік жүйеге мүлде ұқсамай барады.

Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорын дәстүрлі мемлекеттік модельден тыс жұмыс істеуде. Жеке сектор бөлшек сауда мен жұмыспен қамтудың едәуір бөлігін иеленіп те үлгерді.

Мемлекет мұнымен шектелмей, келесі қадам жасады. Жеке кәсіпкерлерге тікелей сыртқы нарыққа шығуға, шетелден капитал тартуға және ондаған жылдар бойы мемлекеттің еншісінде болып келген салаларда бәсекелесуге жол ашып жатыр.

Энергетика саласында бұрын-соңды болмаған, бірегей сынақ-эксперимент басталды. Мұнай мен жанар-жағар май тапшылығына байланысты Куба күн генерациясына көшуді жеделдетуде. Тамыз айында аралда жұмыс істейтін күн парктерінің саны 54-ке жетті. Үкімет бұл бағдарламаны жалпы қуаттылығы шамамен 2000 МВт болатын 92 нысанға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Әзірге, күн энергетикасы тоқыраған жылу электр станцияларының орнын баса алар емес. Салдарынан, қуатқа деген сұраныс шырқау шегіне жететін түн мезгілінде энергожүйе жүктемеге шыдамай, жиі апат тіркеледі. Соның кесірінен тез тозған электр энергетикасы жүйесін жаңғырту қазірден 8 миллиард доллар шығынды талап етеді. Ондай қаржы кубалық қазынада жоқ. Тозығы жеткені жаңартылмағандықтан, шығын ары қарай қарқынды артуда.

Бұл жағдайда жаңғыратын қуат көздері тығырықтан шығарар бір жолға айналды. Тіпті жаңа кубалық феномен де пайда болды. Жаңа кәсіп иелерін – күн панелдерін айналма схемалармен елге жеткізіп, орнатушыларды "солинерлер" деп атайды.

Жеке кәсіпкер Эдуардо Леон ел аумағында күн панелі мен аккумуляторы бар 24 станциялар желісін салды.

"Онда тұрғындар электромобильдерін, мотоциклдерін, смартфондарын және өзге тұрмыстық құралдарын қуаттайды. Мен осы арқылы халықтың қажеттілігін өтеп жатырмын", – деп түсіндіреді бұл кәсіпкер.

Энергетикалық коллапстан құтылудың төл жолын іздеген кубалық бизнес те істі өз қолына алып, "энергетикалық автономияға" қол жеткізуге ұмтылуда. Оның бір мысалы – күн панельдері мен қуатты аккумуляторларды жаппай сатып алып жатқан "Jolyni" макарон фабрикасы. Кәсіпорын шетсіз-шексіз блэкаутарға қарамастан жұмысын жалғастыру үшін күйреген ұлттық энергожеліден ажырап, іргесін аулақ салды.

Кубаның жолайрықта тұр

Ресми түрде социалистік сипатта қалғанымен, "Еркіндік аралы" өз ішіне нарықтың нышандарын дендей енгізуге мәжбүр. Бірақ Куба дәл ертең капиталистік елге айналады деу әбестік болар еді. Бұл – аяқталған үдеріс емес, мүмкін болатын даму траекториясы ғана. Бірақ Foreign Affairs басылымы Кубаның басқа таңдауы жоқтығына сенімді.

"Егер елдің бағыты таяу арада өзгермесе, аралды тұрақты қалпына келтіру мүмкін болмай қалады. Мемлекет пен экономиканы алда тек күйреу күтіп тұруы ықтимал. Экономика құлдырап, халық арасындағы теңсіздік өршіп, көпшілік барған сайын кедейлене түсуде. Бұрын тыныш болған елде енді қылмыс көбейді. Туу көрсеткішінің күрт төмендеуі және жаппай эмиграцияның алапат ауқым алуы Кубаның демографиялық болашағына жойқын соққы беруде", – деп нұсқады Foreign Affairs.

2020 жылдан бері Куба халқы 24%-ға дейін азайып қалды. Бұған бұрын ешқашан болмаған ғаламат эмиграция толқыны да ықпал етті. Салдарынан, Куба рекордтық кадр тапшылығына тап болды.

Мысалы, 2010 жылдардың басында, мықты дәрігерлер мектебі мен мемлекеттің қомақты инвестициясының арқасында кубалықтардың денсаулық көрсеткіштері Латын Америкасындағы ең үздіктердің бірі саналатын. Тіпті қазақстандықтар да бұл аралға барып емделіп, күрделі оталар жасататын.

Бүгінде жергілікті ауруханалардың көбін ең қарапайым дәрі-дәрмек пен шығын материалдарының өткір тапшылығы жайлаған. Амалы таусылған науқастар антибиотиктен бастап, ампутацияға арналған хирургиялық араға дейін көлеңкелі нарықтан іздеуге мәжбүр.

Дәрігерлер мен медициналық жоғары оқу орындарының түлектері медицинаға қатысы жоқ жеке салаларға кетіп жатыр немесе шетелге қоныс аударуда. Соның кесірінен, сәбилердің өлім-жітімі 2018 жылдан бері екі еседен астам өсті. Масалар тарататын аурулар қайта оралды. Кейбір бағалау бойынша, 2025 жылы тек чикунгунья қызбасын халықтың үштен бір бөлігіне дейін жұқтырған. Сондай-ақ денгеге, Зика вирусына шалдығу жағдайлары күрт көбейді.

"Біз Латын Америкасындағы капитализмге апаратын ең ұзын әрі ең ауыр жолмен келе жатырмыз", – деп мойындайды жергілікті тұрғындар.

Бұрынғы гүлденген компаниялардың біразы банкрот болуда. Қалғандары ескі инфрақұрылымда және шығарылмаған қоқыс тауларының жанында жұмыс істеп тұр.

Куба бұрын құрлықтағы ең бейбіт, тыныш ел саналатын. Енді аралды зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, тонау қылмыстарының толқыны жайпап барады. Қалалардың тұрғындары түнде есігін ашудан қорқатын жағдайға жеткенін ақпарат құралдары жазды.

Америкалық саяси шолушы Уилл Фриман (Will Freeman) елдегі күйзелістің мына бір көріністеріне назар аудартты: электр жетіспеуі кесірінен станциялардағы су сорғыларының қуаты ауызсуды әр үйге айдауға жетпейді екен. Содан су тек құбырларда айналады. Кейбір "жасампаз" тұрғындар енді тікелей су құбырларын тесіп, суды содан алуға көшкен. Құдық жасап алған. Нәтижесінде, тіпті ел астанасы Гавананың өзінде бұрын даңғыл-көше болған жолдардың асфальттары әр жерде шұрық-тесікке толған.

Мұндай тоқыраудан бір құтқарса, коммунизмді тәрк етіп, нарықтық экономикаға көшу құтқаруы мүмкін. Кезінде тақыр кедей болған, тек капитализм арқылы төл даму жолын таба алған Солтүстік Америка құрлығы мен Кариб теңізі аймағы елдерінің үлгісі осыны меңзейді.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите