Кино жаңалықтары: Осы аптада қандай фильмдер прокатқа шықты

Кино жаңалықтары: Осы аптада қандай фильмдер прокатқа шықты

фото: Коллаж: Kazinform / Kinopoisk.ru

Осы аптада отандық киноқоржын төрт бірдей жаңа туындымен толықты. Олардың басым бөлігі — драма жанрында. Жалпы, қыркүйек айында прокатқа шығатын отандық фильмдер көп. Ал шетелдік кинолар қатарында көрерменге қорқынышты және шытырман оқиғаға толы туындылар ұсынылды.

Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.

Жарығым-ай

Жанры: драма

Ұзақтығы: 90 минут

Ел: Қазақстан, 2026 жыл

Режиссері: Сержан Серікбаев

Берік алты жасар қызын қатты қорғайды. Ол қызының нәзік жүрегін жаралаудан қорқады. Сондықтан ең ауыр шындықты жасырып қалады. Бірақ уақыт өткен сайын өтіріктің салмағы арта түседі. Бұл жағдай әкесі мен қызын тығырыққа тірейді. Енді Берік таңдау жасауы керек: ол қызына шындықты айтады немесе өтірігін жалғастырады.

Қара алтын

Жанры: драма

Ұзақтығы: 130 минут

Ел: Қазақстан, 2026 жыл

Режиссері: Мұрат Есжан, Жәнібек Әлікен

Қазақстан, 1992 жыл. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елде экономикалық дағдарыс күшейді. Құрылыс холдингінің басшысы Қасым Исағалиев мұнай саласына бет бұруды шешеді. Оған бұл бағытты геолог серіктесі ұсынады. Қасым мемлекет тиімсіз деп таныған екі мұнай кен орнын игеруге лицензия алмақ болады. Алайда жаңа салада қиындық көп. Қаржы табу, инвесторлармен келіссөз жүргізу және тәжірибенің жоқтығы Қасымға кедергі келтіреді. Ең басты сұрақтың жауабы да белгісіз. Даулы кен орындарында мұнай қоры жеткілікті ме?

Бүркітші

Жанры: драма, криминал

Ұзақтығы: 117 минут

Ел: Қазақстан, 2026 жыл

Режиссері: Куаныш Стаханов

Аңға шыққан бүркітші Талғат ауыл маңындағы жартас түбінен жас қыздың мәйітін тауып алады. Ол полиция қызметкері Әлиямен бірге өлімнің құпиясын ашуға кіріседі. Тергеу кезінде ауылда жасөспірімдердің бұған дейін де жоғалып, кісі қолынан қаза тапқаны анықталады. Іс Талғаттың қанды кегіне ұласады.

4 пәтер

Жанры: комедия, криминал

Ұзақтығы: 67 минут

Ел: Қазақстан, 2026 жыл

Режиссері: Марлен Кейкишев

«4 пәтер» — бір үйде тұратын адамдардың хикаясы. Олар ортақ қабырға арқылы бірге қиындықтары, қорқыныштары мен армандарын да бөліседі. Фильмде әзіл мен драма ұштасады. Қаланың қарбалас тіршілігі адамдардың есейіп, бір-біріне қолдау көрсетуі туралы жылы оқиғаға айналады. Тіпті ең у-шу сәттердің өзінен жарық сәуле табуға болатыны көрсетіледі.

Соңғып шеп, (Последний рубеж)

Жанры: экшн, әскери, драма, тарихи

Ұзақтығы: 103 минут

Ел: АҚШ, 2026 жыл

Режиссері: Род Лури

Арденна операциясы кезінде жараланған америкалық сарбаз неміс әскерінің тылында қалып қояды.

Ұшақ апаты, (Крушение рейса)

Жанры: экшн, драма, қорқынышты фильм, триллер

Ұзақтығы: 110 минут

Ел: Испания, Жаңа Зеландия, АҚШ, Қытай, 2026 жыл

Режиссері: Ренни Харлин

Ұшақ апатынан аман қалған жолаушылар мұхиттың ортасында қалады. Мұздай суға түскен олар ұшақ сынықтарына жармасып, өмір үшін арпалысады. Осы сәтте аш акула тобы оларды торуылдай бастайды. Құтқарылуға үміті азайған жолаушылар өмір үшін соңына дейін күреседі.

Утопияның күші: Чандигархтағы Ле Корбюзье, (Сила утопии: Ле Корбюзье в Чандигархе)

Жанры: деректі, өнер

Ұзақтығы: 85 минут

Ел: Швейцария, 2026 жыл

Режиссері: Карин Бухер, Томас Каррер

Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін Пенджабтың бұрынғы астанасы Лахор Пәкістан аумағында қалды. Сондықтан жаңа астана салу қажет болды. Гималай бөктерінде Чандигарх қаласы бой көтерді. Ол жаңа Үндістанның демократиясы мен прогресінің символы болуы тиіс еді. Қала жобасына америкалық сәулетші Альберт Майер мен француз-швейцариялық сәулетші Ле Корбюзье қатысты. Ле Корбюзье Чандигархта өзінің қала құрылысы идеяларын жүзеге асырды. Ол адамға қолайлы, әділетті әрі табиғатпен үйлесімді заманауи қала құруды көздеді.

Ғажайып жаратылыстар, (Удивительные существа)

Жанры: шытырман оқиға,

Ұзақтығы: 120 минут

Ел: Аустралия, АҚШ, 2026 жыл

Кейде түсіністік пен жақындықты біз оны бере алатын адамдардан емес, басқа біреуден іздейміз. Алайда адам — таңғажайып жаратылыс. Ол жалғыздық пен өмірдің бірсарынды тіршілігінен арылып, тағдыр жолықтырған жанның қасынан тыныштық таба алады.

Астрал. Елестің сыбыры, (Астрал. Шёпот призрака)

Жанры: хоррор

Ұзақтығы: 80 минут

Ел: Оңтүстік Корея, 2026 жыл

Режиссері: Ким Хён-джун

Су достарымен бірге 25 жасқа толған күнін атап өту үшін аралға аттанады. Алайда мереке күтпеген оқиғадан кейін тозаққа айналады. Аман қалғандар енді тылсым қара күштермен бетпе-бет келеді.

Үміт, (Надежда)

Жанры: экшн, фантастика

Ұзақтығы: 161 минут

Ел: Оңтүстік Корея, 2026 жыл

Режиссері: На Хон-джин

Шағын қаланың тұрғындары белгісіз қауіпке тап болады.

Турбуленттілік, (Турбулентность)

Жанры: экшн, шытырман оқиға, драма, фэнтези, триллер

Ұзақтығы: 91 минут

Ел: Ұлыбритания, АҚШ 2026 жыл

Режиссері: Клаудио Фах

Зак пен Эмми қарым-қатынастарын жаңғырту үшін Италиядағы Доломит Альпілеріне әуе шарымен саяхатқа шығады. Оларға тәжірибелі нұсқаушы Гарри мен бейтаныс Джулия қосылады. Джулияның Зактың өткенімен байланысы бар. Көп ұзамай романтикалық сапар өмір үшін күреске айналады.

Практикалық сиқыр 2, (Практическая магия 2)

Жанры: комедия, драма, фэнтези

Ұзақтығы: 125 минут

Ел: АҚШ, 2026 жыл

Режиссері: Сюзанна Бир

Бақсы әйелдер әулеті ғасырлар бойы қарғыс құрсауында өмір сүріп келеді. Қарғыс әулет мүшелерін бақытсыз махаббатқа душар етеді. Олар сиқырды бұзуға бел буады. Ол үшін отбасының қаралы құпияларын ашып, бір-бірі үшін ең қымбатынан бас тартуға тура келеді.


 

Материал Kazinform сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите