«АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасы өтеді

«АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасы өтеді

фото: www.instagram.com

       Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші маусымын жаңа қойылыммен ашқалы отыр. 12 және 13 қыркүйекте театр сахнасында «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасы өтеді.

       Қойылымның ерекшелігі — қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының балет өнері арқылы жаңаша сахналануы. Спектакльде аласапыран кезеңдегі адам тағдыры, махаббат, ана мен бала арасындағы байланыс және әйелдің ішкі әлемі қозғалады.

       Балетте Арал қасіреті де кеңінен көрініс табады. Теңіз, тағдыры тәлкекке түскен шаңырақ, ана мен бала бейнесі — спектакльдің негізгі көркемдік өзегіне айналған. Кейіпкерлердің сезімі сөзбен емес, музыка, қимыл мен сахналық пластика арқылы жеткізіледі.

       «АҚБАЛА» қойылымы отандық хореография өнеріне еңбегі сіңген Людмила Рудакова мен Эдуард Мальбековтің рухына арналады. Спектакльдің музыкасын Аружан Октябрь жазған. Қойылымға Қазақстандық және шетелдік мамандардан құралған шығармашылық топ атсалысып отыр.

       Ал 12 қыркүйекте жаңа маусым аясында театрдың жаңартылған интерактивті музейі де ашылады. Қазақ өнерінің жаңа тынысын сезініп, сахнадағы көркем ойдың өрісін көрмекке ниет болса, «АҚБАЛА» балетінің премьерасын тамашалауға келіңіздер. 12 және 13 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтетін қойылымды көріп, өнермен өрілген тағдырлар әлеміне бірге үңіліп көріңіздер.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите