Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады
Иммуноферменттік талдау әдісімен зерттеулер жүргізу кезінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі
Иммуноферменттік талдау (бұдан әрі – ИФТ) инфекциялық ауруларды зертханалық диагностикалауда биологиялық материалдағы антигендер мен антиденелерді анықтау үшін кеңінен қолданылады. Зерттеу жүргізу барысында ықтимал инфекциялық биологиялық үлгілермен жұмыс жүргізілетіндіктен, биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызды.
ИФТ жүргізу кезіндегі биологиялық қауіпсіздік персоналдың жұқтырылуын және ықтимал қауіпті биологиялық агенттердің таралуын болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін білдіреді.
Қауіпсіз жұмыстың негізгі қағидаттарына зертханалық аймақтарды нақты бөлу, қол гигиенасы ережелерін сақтау, бір рет қолданылатын материалдарды дұрыс пайдалану, жабдықтарды тұрақты түрде дезинфекциялау, микроклиматты бақылау және зерттелетін материалды арнайы белгіленген аймақта залалсыздандыру жатады.
ИФТ әдісімен зерттеулер жүргізу кезінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 қарашадағы № ҚР ДСМ-125 «Биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-125 бұйрық) талаптарымен регламенттеледі.
ИФТ немесе электрохемилюминесценция әдістерімен зерттеулер жүргізетін үй-жайларда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін зерттеу кезеңдеріне сәйкес келетін екі аймақ қарастырылады:
- материалды қабылдау, тіркеу және бастапқы өңдеу бөлмесі;
- зерттеулер жүргізуге арналған үй-жай.
ИФТ немесе электрохемилюминесценция әдістерімен зерттеулер жүргізілетін үй-жайда қол жууға арналған раковиналар немесе қолжуғыштар орнатылады. Олар болмаған жағдайда тері антисептиктері және дезинфекциялық ерітінділері бар сыйымдылықтар пайдаланылады.
ИФТ немесе электрохемилюминесценция әдістерімен зерттеулер жүргізу кезінде мынадай талаптар сақталады:
- бір рет қолданылатын ұштықтар мен ыдыстар қайта пайдаланылмайды, жабдықтар, шығыс материалдары, реактивтер, қолғаптар мен халаттар бір бөлмеден екінші бөлмеге тасымалданбайды;
- зерттеу әдістемесінде өзгеше көзделмесе, үй-жайдағы оңтайлы температура плюс 18ºС-тан 22ºС-қа дейін, салыстырмалы ылғалдылық 40%-дан 70%-ға дейін сақталады, температуралық режим мен ылғалдылық көрсеткіштері белгіленіп, тиісті құжаттама жүргізіледі;
- күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейін жабдықтар, дозаторлар және штативтер 70% этил спиртімен өңделеді, планшеттерді автоматты жуғыш дистилденген сумен жуылады және аптасына бір рет 70% этил спиртімен өңделеді;
- планшетті жылыту құрылғыларының жанында инкубациялауға жол берілмейді;
- зерттелетін материалды залалсыздандыру «жұқпалы» аймақта жүргізіледі.
№ ҚР ДСМ-125 бұйрығының талаптарын қатаң сақтау ИФТ әдісімен зертханалық зерттеулерді қауіпсіз жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге және персонал мен қоршаған ортаға биологиялық әсер ету қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Спикер: Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Гаухар Сұлтанқызы Каткенова