2026 жылдың 25 қыркүйегінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде суретші Зәуірбекова Бәтима Есмұратқызының 80 жасқа толуына арналған «Мұра жіптері» атты мерейтойлық ретроспективалық жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайдвы "Сапалы Қазақстан" порталы.
Бәтима Зәуірбекованың есімі Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерінің тарихында айрықша орын алады. «Отан» орденінің кавалері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Бәтима Зәуірбекова Қазақстандағы «гобелен дәуірінің» қалыптасып, өркендеуіне жол ашқан суретшілердің алдыңғы қатарында болды. Оның шығармашылық буыны еліміздегі гобеленнің кәсіби мектебін қалыптастырып, ұлттық өнердің бұл саласына өзіндік сипат дарытты. Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық ғұмырында суретші бірнеше жүздеген туынды өмірге әкелді. Олардың дені уақыт сынынан өтіп, Қазақстанның көркем өнер қазынасынан лайықты орнын тапқан таңдаулы шығармаларға айналды.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Бәтима Есмұратқызы өз шығармашылығында ұлттық мәдениетке, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен тарихына терең бойлайды. Оның туындыларының өзегінде адам мен табиғаттың үндестігі, ұрпақтар сабақтастығы, музыка мен үйлесім, сұлулық пен жасампаздық сынды тақырыптар тоғысады. Суретші шығармашылығында әйел бейнесінің орны ерекше. Ол әйелді отбасы мен рухани құндылықтардың ұйытқысы, мейірім мен жылулықтың бастауы ретінде танытады. Әйел бейнелері арқылы суретші ана болмысы, махаббат, ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын тереңдете отырып, жеке адамның жан толғанысын ұлттық мәдениет дәстүрлерінің үзілмес арнасымен сабақтастырады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Бұл тақырыптар гобелен мен кескіндеменің көркемдік мүмкіндіктері арқылы ашылып, суретшінің философиялық тереңдігімен, өрнектілігімен және бояу үндестігін шебер игеруімен ерекшеленеді. Шығармаларындағы сәндік мәнерлеу тәсілі де айрықша рөл атқарады. Қазақы ою-өрнек адам тұлғасының иірімдерімен және табиғат пішіндерімен табиғи астасып, тұтас көркемдік жүйе түзеді. Ал ирек сызықтар мен геометриялық пішіндер композицияға ырғақ дарытып, қозғалыс пен ішкі серпінділіктің әсерін күшейте түседі. Бәтима Зәуірбекованың көркемдік тілі ұлттық дәстүр мен заманауи көркем ойлаудың табиғи сабақтастығына негізделген. Бәтима Зәуірбекованың көркемдік тілі ұлттық дәстүрді заманауи бейнелі ойлаумен табиғи сабақтастыра отырып, композицияның тұтастығы мен ауқымдылығын, мәдениетті философиялық тұрғыдан пайымдауды арқау етеді.
Зәуірбекова Бәтима Есмұратқызы 1946 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Фурмановка ауылында дүниеге келген. Ол бесінші сыныпта оқып жүргенде отбасы Жамбыл облысының Меркі ауылына қоныс аударып, Бәтиманың балалық шағы осы жерде өтті. Суретшінің анасы Бибіхан табиғатынан дарынды халық шебері болған. Анасының өнері жас Бәтиманың көркемдік танымының қалыптасуына айрықша ықпал етті. 1969 жылы Бәтима Зәуірбекова Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдады. Ал 2001 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірді. Бәтима Есмұратқызының шығармашылық жолында Жұбанов Ақырап Құдайбергенұлы мен Құрасбек Тыныбековтың орны ерекше болды. Сонымен қатар оның суреткерлік ой-өрісінің қалыптасуына қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері – кескіндемешілер, графиктер мен мүсіншілер – М. Темірғалиев, С. Айтбаев, Б. Табиев, Б. Пак, С. Мәмбеев, Қ. Телжанов, Т. Досмағамбетов, М. Қисаметдинов, Т. Тоғысбаев және басқа да өнер шеберлері елеулі ықпал етті. Олар Бәтиманың бояу реңктерін сезіну қабілетінің сирек кездесетін табиғи дарын екенін байқап, оны кескіндеме өнеріне ден қоюға үнемі жігерлендіріп отырған.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Экспозиция Бәтима Зәуірбекованың сан қырлы көркем әлемін кеңінен таныстырады. Музейдің үш көрме залында орналасқан көрмеге гобелендер, кескіндеме туындылары мен графикалық жұмыстарды қамтитын 80-нен астам шығарма қойылған. Сонымен қатар көрермен суретшінің туындыларының қалай дүниеге келгенін аңғартатын эскиздермен танысып, оның шығармашылық жолын айшықтайтын архивтік фотосуреттер мен бейнематериалдарды тамашалай алады. Олар Бәтима Зәуірбекованың 1970 жылдардағы алғашқы еңбектерінен бастап, кейінгі жылдары дүниеге келген шығармаларына дейінгі суреткерлік ізденісін зерделеуге мүмкіндік береді. Көрмеден әйел бейнесіне, отбасы мен ана тақырыбына, музыкаға, Қазақстан табиғатына, көне киелі орындарға, тарихи жады мен ұлттық мәдениетке арналған туындылар орын алған. Әр зал өзіндік мазмұны мен тарихы бар тұтас бір көркем әлем іспетті. Олар суретшінің ондаған жылдар бойы өзіндік көркемдік тілін дамытып, өнерінің өзегіне айналған басты мұратын – сұлулықты, ізгілікті, үйлесім мен рухани сабақтастықты дәріптеу идеясын өзгеріссіз сақтап келгенін көрсетеді.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Көрмеде қазақ өнерінің тарихында өзіндік орны бар, көрерменге таныс таңдаулы туындыларға айрықша мән берілген. Олардың қатарында «Жазық» (1976), «Жер-Ана» (1984), «Аналық мейірім» (2004) секілді гобелендер бар. Бұл жұмыстар отандық көркем тоқыма өнерінің дамуына елеулі ықпал еткен туындылар ретінде суретшінің шығармашылық ізденісінің маңызды кезеңдерін айқындайды. Көрермен Бәтима Зәуірбекованың көркем тоқыма саласына қосқан үлесін айғақтайтын туындыларымен бірге, бояу үйлесімін шебер игерген, сырлы да әсерлі бейнелер жасайтын кескіндемеші ретіндегі қырын да танып-біле алады. Суретшінің шығармашылығы Қазақстан шеңберімен шектелмей, шетелге де кеңінен танылған. Оның туындылары Франция, Түркия, Италия, Швейцария сынды елдерде көрерменге ұсынылып, бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттік музейлер мен жеке жинақтарда сақтаулы. Ал дәл осы көрме Бәтима Зәуірбекованың көркем мұрасын тұтас шығармашылық ғұмырының аясында алғаш рет осындай кең көлемде таныстырып отыр.
«Адамның шығармашылық болмысы көбіне оның мінез-құлқымен астасып жатады. Нағыз суретші өзіне жат, лайықсыз іске бармайды, жаман ой мен теріс әрекеттен бойын аулақ ұстайды. Сондықтан өнер адамының жүрегі таза, мінезі ізгі болуы керек деп есептеймін. Бәтима да дәл сондай жан. Сыртқы болмысынан бастап ішкі жан дүниесіне дейін оның бар табиғатынан өнер адамына тән қасиет сезіледі. Ең алдымен, оның мамандығына деген адалдығын атап өткім келеді. Ол – өз ісінің шебері, өнерге бар жүрегімен, жан-тәнімен берілген суреткер. Екіншіден, Бәтиманың басты ерекшелігі – шығармашылық мүмкіндігінің молдығында, түстер мен реңктерді үйлестіре білуінде. Осы қасиеттерінен оны өзге суретшілерден даралайтын қайталанбас қолтаңбасы көрінеді. Сондықтан Бәтима ұлттық рухпен өрілген талай тамаша туындыны дүниеге әкеледі деп ойлаймын», - деген еді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбеков Байтұрсын Есжанұлы сұхбаттарының бірінде.
Бәтима Есмұратқызының бүгін де шығармашылық ізденістерін жаңа еңбектерімен жалғастырып, өзіндік көркемдік тілін жетілдіріп келе жатқанын атап өткен жөн. Ол ондаған жылдар бойы толғандырған тақырыптарына қайта оралып, төл мәдениетінің терең мазмұнын бояудың, пішін мен материалдың көркемдік мүмкіндіктері арқылы жаңаша пайымдап, көрерменге ұсынып келеді.
«Мұра жіптері» көрмесі ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстан өнерінің тарихын зерделеудегі маңызды мәдени оқиғаға айналып отыр. Көрме Бәтима Зәуірбекованың шығармашылық жолының негізгі белестерін саралап, оның өзіндік көркемдік тілінің қалыптасуы мен жетілуін бағамдауға мүмкіндік береді. Суретшінің туындылары Қазақстанның ұлттық мәдени қазынасынан лайықты орын алып, отандық және әлемдік өнер тарихының маңызды бір бөлігіне айналды. Бүгінде Бәтима Зәуірбекованың көркем мұрасы кейінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Оның шығармашылығы Қазақстанның мәдени жадында сақталып, ұлттық дәстүрдің адамзатқа ортақ көркем тілге айналып, өз дәуірінің шеңберінен асып, кең тыныс таба алатынын танытатын құнды мұра болып қала береді.
Кураторлар: Алина Муратовна Федорович,
Наталия Александровна Баженова
Көрменің өту мерзімі: 25 қыркүйек – 8 қараша, 2026 ж.
Жұмыс уақыты: 10-00 – 18-00
Демалыс күні: дүйсенбі