Рөлдегі жасқа да талап бар

Рөлдегі жасқа да талап бар

фото: https://www.google.com/url

       25 тамыздан бастап Қазақстанда жүргізушілерге қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енеді. Соның бірі – 65 жастан асқан көлік жүргізушілерінің медициналық тексеруден міндетті түрде өтуі. Олар екі жылда бір рет медициналық комиссиядан өтуі тиіс.

       Алматы полициясы бұл талапқа байланысты қарт жүргізушілерді жол үстінде арнайы тоқтатып, тексермейтінін мәлімдеді. Инспекторлар әдеттегі қызметін атқара береді. Яғни жүргізуші басқа жол ережесін бұзса ғана тоқтатылуы мүмкін. Медициналық бақылау арнайы рейд түрінде жүргізілмейді.

       Полицияның айтуынша, жаңа талап – жүргізушілерді шектеу немесе жазалау емес, ең алдымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі жас ұлғайған сайын адамның көру қабілеті мен реакция жылдамдығы төмендеуі мүмкін. Кей жағдайда денсаулықтың аяқ астынан сыр беруі жол-көлік оқиғасына әкеліп жатады.

       Медициналық тексеру нәтижесі арнайы мемлекеттік жүйеге автоматты түрде енгізіледі. Егер 65 жастан асқан жүргізушінің тексеруден өткені немесе көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімінің жоқтығы туралы ақпарат болмаса, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылуы мүмкін. Бұл талап мүгедектігі бар жүргізушілерге де қатысты.

       Жаңа тәртіп тек медициналық тексерумен шектелмейді. Мас күйінде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық іс айыптау үкімінсіз тоқтатылған жағдайда да жүргізуші сегіз жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Ал жол ережесін өрескел бұзған кей жүргізушілерге теориялық емтиханды қайта тапсыру талабы қойылады.

       Қысқасы, 25 тамыздан бастап жүргізушілер үшін басты назар – денсаулық пен жолдағы жауапкершілікке аударылады. Мамандар бұл өзгерістердің негізгі мақсаты жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жүргізуші мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін күшейту екенін атап отыр.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите