Алматыда ескі көліктер азаюы мүмкін. Қала билігі экологиялық талаптарға сай келмейтін автокөліктерді сатып алып, кейін кәдеге жарату тетігін қарастырып жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл арқылы ауаға тарайтын зиянды заттарды азайтып, көлік паркін жаңарту көзделген. Жоба 2026–2028 жылдарға арналған өңірлік кәдеге жарату бағдарламасына енгізілген.
Бастама қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Алайда оны жүзеге асырудың нақты тетіктері әлі пысықталып жатыр.
Темірлан Нихамбаев, «СПК «Алматы» АҚ баспасөз хатшысы:
Бұл жоба әзірленіп жатыр. Қазір оның тетіктері мен іске асыру механизмдері айқындалуда. Жоба Алматы қаласы әкімдігімен келісіліп, бекітілгеннен кейін мәслихаттың қарауына жіберіледі. Содан кейін бағдарламаның нақты шарттары мен іске асыру тәртібін жариялаймыз.
Демек көлік иелеріне қанша қаражат берілетіні әзірге белгісіз. Дегенмен тұрғындардың басым бөлігі мұндай мүмкіндікті қолдауға дайын.
Ал сарапшының айтуынша, бастаманың тиімділігі оның қанша уақыт және қандай көлемде қаржыландырылуына тікелей байланысты. Себебі ескі көліктерді жаппай сатып алу бюджетке айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін.
Абзал Дәулетов, авто сарапшы:
Иә, ол көмектесуі мүмкін. Бірақ бұл схема белгілі бір тараппен белгілі бір уақытқа дейін баруы мүмкін. Өйткені бюджеттегі ақша шексіз емес. Ол проектіге бөлінетін ақшаның да шектік лимиті бар. Экологияны жақсартамыз деген мақсатта электрі автокөліктердің санын арттыру жақсы үрдіс беретін еді.
Қазір жоба аясында көлік иелерін ынталандыру тетіктері пысықталып жатыр. Одан әрі ескі техниканың бағасы, өтемақы көлемі мен бағдарламаға қатысатын көліктердің санаты анықталмақ. Нақты шарттар бекітілген соң ғана алматылықтар көлігін тапсыру тәртібін біле алады.
Біздің елде ескірген көліктер көп. Бұл мәселені шешу үшін әртүрлі шаралар қабылданды, соның ішінде жеңілдікпен автонесие беру жобасы енгізілді. Дегенмен, бұл шаралар елдің көлік жүйесін айтарлықтай жаңғыртпады және көптеген азамат сол күйі ескі көліктерін мініп жүр.
Қазақстанда 4 800 000 астам көлік тіркелсе, солардың жартысына жуығы 20 жыл бұрын шыққан.