Қазақстанның кең даласында табиғаттың өзіне тән бір жаңғыруы байқалады. Сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктердің қатары көбейіп, дала төсіндегі тіршілік қайта түлеп келеді. Бұл – табиғатты қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі әрі ұлан-ғайыр мекеннің табиғи тепе-теңдігі қалпына келе бастағанының белгісі.
Соңғы жылдардағы есепке алу деректері де осы өзгерісті айғақтайды. Әсіресе киік популяциясының өсуі көңіл қуантады. Жайық, Бетпақдала және Үстірт өңірлеріндегі үйірлердің саны артып, қазақ даласының айрықша символы саналатын киіктің табиғаттағы орны нығая түскен.
Сирек жануарларды сақтап қалу тек қорғаумен шектелмейді. Арнайы бағдарламалар арқылы құлан, қарақұйрық секілді жануарлар тарихи мекендеріне қайта жіберіліп, табиғи ортаға бейімделуіне мүмкіндік жасалуда. Ал «Алтын Дала» аумағында Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары да жалғасын тауып келеді.
Табиғатқа қайта оралып жатқан жануарлардың қатарында бір кездері қазақ жерінен жоғалған түрлер де бар. Балқаш маңындағы «Іле-Балқаш» резерваты аумағында Тұран жолбарысын қайта түлетуге бағытталған жоба жүзеге асуда. Осы мақсатта оның генетикалық тұрғыдан жақын туысы саналатын Амур жолбарыстары табиғи ортаға бейімделе бастады.
Даланың әрбір аң-құсы – табиғаттың тұтас тынысының бір бөлшегі. Сондықтан бүгінгі көбейген киік те, қайта оралған құлан да, ертеңгі ұрпаққа аманат болар табиғи мұра.