Астана төрінде өтіп жатқан халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» турниріне әлем көрерменінің қызығушылығы артып келеді. Жарыстың алғашқы төрт күнінде ғана оның трансляциялары 85 миллионнан астам қаралым жинаған. Қазіргі қарқын сақталса, турнир соңына дейін жалпы аудитория 430-490 миллион қаралымға жетуі мүмкін.
Биыл жарыстың халықаралық ақпараттық ауқымы да кеңейді. Турнирдің медиасеріктестері 27-ден 54-ке, ал жарысты көрсететін стримерлер саны 58-ден 120-ға дейін өсті. Трансляциялар әлемнің 16-дан астам тілінде жүргізіліп жатыр. Бұл «Болашақ ойындарының» халықаралық аудиторияға кеңінен таралуына мүмкіндік беруде.
Турнир контенті Қытай, Үндістан, Латын Америкасы, ТМД елдері және басқа да өңірлердегі танымал телевизиялық әрі цифрлық платформалар арқылы көрсетілуде.
Көрермен қызығушылығының артуына стримингтік платформалар да елеулі үлес қосып отыр. Алдыңғы турнирде барлық қаралымның шамамен 82 пайызы стримингтік сервистерге тиесілі болса, биыл бұл көрсеткіш одан әрі өсіп келеді. Мамандар мұны дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны біріктіретін фиджитал форматқа, әсіресе жастар аудиториясының қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді деп бағалайды.
Ал жарыстың ең тартысты сәттері әлі алда. 5 тамызда «Дота ту» ойынының финалы өтеді. Ал 8-9 тамызда «Каунтер-Страйк ту», «Мобайл Леджендс: Бэнг Бэнг» және фиджитал-футбол жарыстарының жеңімпаздары анықталады. Осы шешуші бәсекелер кезінде турнирдің көрермендер саны бұдан да арта түседі деген болжам бар.
«Болашақ ойындары – 2026» – дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастыратын халықаралық мультиспорттық турнир. Биылғы жарыс 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтіп жатыр. Миллиондаған көрерменнің назарын Қазақстанға аударған бұл дода еліміздің халықаралық деңгейдегі спорттық әрі технологиялық жобаларды ұйымдастырудағы мүмкіндігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.