Қазақстанда ипотека рәсімдеу кезінде бұрын несие төлемін кешіктірген немесе алғашқы жарнасы жоқ азаматтардың өтінімі міндетті түрде кері қайтарылады деген түсінік шындыққа жанаспайды. Жылжымайтын мүлік сарапшысы Айкүн Эгерудің айтуынша, банк әрбір өтінімді кешенді түрде бағалайды.
Маманның сөзінше, төлемді бір рет кешіктіру ипотекадан автоматты түрде бас тартуға себеп болмайды. Банк кешіктірудің ұзақтығын, оның қашан болғанын, берешектің өтелгенін, қарыз алушының қазіргі төлем тәртібін, ресми табысын және жалпы қаржылық жүктемесін ескереді. Ал ұзақ мерзімді берешек, сот өндірісі немесе өтелмеген қарыздар тәуекелді арттырады.
Алғашқы жарнасыз ипотека алу да белгілі бір жағдайда мүмкін. Ол үшін банк қосымша кепіл ретінде басқа жылжымайтын мүлікті талап етуі ықтимал. Егер мұндай кепіл болмаса, мемлекеттік бағдарламалар мен банктердің басым бөлігінде тұрғын үй құнының кемінде 10–20 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна міндетті саналады.
Сарапшы ипотеканың мақұлдану мүмкіндігін арттыру үшін қолданыстағы қарыздарды азайтып немесе толық жауып, кемінде алты айлық тұрақты ресми табысты растауға кеңес береді. Қажет болған жағдайда, кредиттік тарихы жақсы әрі тұрақты табысы бар қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады.
Банктер көбіне кредиттік тарихтың нашарлығы, ресми табыстың жеткіліксіздігі, жоғары борыштық жүктеме немесе кепілге ұсынылған тұрғын үйдің талаптарға сәйкес келмеуі себепті ипотека беруден бас тартады. Сондықтан өтінім берер алдында қаржылық жағдайды реттеп, құжаттарды мұқият дайындау маңызды.
Ақпарат дереккөзі: https://kaz.tengrinews.kz/tengri-home/