2026 жылдың 6 мамырында сағат 18:30-де Баку қаласындағы Әзербайжан ұлттық өнер музейінде Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қорынан алынған «Мәдениеттер диалогы: Қазақстан – Әзербайжан» атты халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әзербайжан Ұлттық өнер музейінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде әр буынға тиесілі қазақстандық суретшілердің 30-ға жуық кескіндеме туындысы топтастырылған. Ол Қазақстанның көркем мұрасын кең тарихи-мәдени кеңістікте таныстырып, жаңаша зерделеуге жол ашады.
Жоба түркі әлеміне ортақ рухани ортақтыққа, тарихи тәжірибе сабақтастығына және ұлттық көркемдік мектептердің қалыптасуындағы үндес үдерістерге негізделген мәдени сұхбат ретінде ұсынылған.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі
Қазақстан тарихи тұрғыдан әртүрлі өркениеттер мен көркемдік дәстүрлер тоғысқан кеңістікте қалыптасты. Бұл ерекшелік оның бейнелеу өнерінің табиғатына да ықпал етіп, академиялық мектеп пен көшпелі мәдениетке тән бейнелі ойлау жүйесінің табиғи үйлесуіне жол ашты. Көрме әр буын суретшілерінің шығармашылығында сабақтастықпен көрініс табатын адам мен табиғаттың үйлесімі, көшпелі өмір салтының көркем бейнесі, ұжымдық жадының көріністері және тарихи өзгерістер кезеңіндегі мәдени болмысты іздеу секілді ортақ тақырыптарды айқындайды.
Экспозицияда ұлттық кескіндеме мектебінің қалыптасуына негіз болған шеберлердің, атап айтқанда Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Қанафия Телжанов, Нұрбек Тансықбаев, Мария Лизогубтың туындылары айрықша орын алады. Олардың шығармашылығында академиялық дәстүр мен ұлттық дүниетаным сабақтасып, өзіндік көркем тіл қалыптасқан. Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариевтің еңбектерінде бейненің ішкі мазмұнына, оның символикалық әрі философиялық қырларына басымдық беріледі. Пейзаж, натюрморт және тақырыптық картиналар бұл жерде тек бейнелеу тәсілі ғана емес, кеңістік, уақыт және мәдени болмысты танудың көркем құралы ретінде көрінеді.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі
Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің мұрасы музей қорында ерекше маңызға ие. Қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі, табиғи талантымен танылған шебердің есімі 1984 жылы музейге берілген. Қастеев туындылары өмір шындығын дәл әрі шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Оның кескіндемелік шығармаларында көшпелі өмір кешкен дала перзентінің табиғатпен терең тұтастығы бейнеленген. Суретшінің көркем әлемі Қазақстанның нақты табиғи келбетімен біте қайнасып, адам мен табиғаттың үйлесімді бірлігін айқын көрсетеді. Соның жарқын мысалы – ел символдарының бірі саналатын, Іле Алатауының бөктеріндегі мұз айдынына арналған «Медеу» туындысы.
Көрмеде қазақтың тұңғыш кәсіби әйел суретшісі Айша Ғалымбаеваның еңбектері де ұсынылады. Оның шығармаларынан қазақ тұрмысының жылуы, шаңырақтың берекесі мен тыныштығы, әйелдің отбасы ұйытқысы ретіндегі бейнесі анық көрінеді. «Апорт», «Дәмді шай», «Қырықтықшылар» секілді туындылар күнделікті өмірден сұлулық таба білетін нәзік суреткерлік көзқарасты танытады. Ғалымбаева қарапайым көріністерге терең мағына дарытып, оларды көркем оймен байытады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі
Алпысыншы жылдар буынының өкілі Тұрсын Әбуов ұлттық нақыштарға жаңаша сипат береді. Оның натюрморттарында ер адамның бас киімі, белдік, домбыра сияқты дәстүрлі тұрмыстық бұйымдар текемет аясында бейнеленіп, сәндік-символдық мәнге ие.
Экспозицияның тұтастығын айқындайтын негізгі ұстаным – көшпелі мәдениет қалыптастырған кеңістік түсінігі. Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев, Арий Школьный, Жанатай Шарденов шығармаларында дала мен тау кеңістігі тек табиғи орта ретінде ғана емес, көркем бейненің сипаты мен композициясын айқындайтын дүниетанымның өзегі ретінде бейнеленген. Бұл кеңістік шекарасы айқындалмаған, кең әрі ашық орта ретінде қабылданып, адам мен қоршаған әлемнің табиғи тұтастығын аңғартады. Осы тұрғыда суретшілер кеңістікті нақты бір көріністі бейнелеу үшін ғана емес, оның ішкі ырғағын, ауқымын және адамның әлемдегі орнын пайымдататын терең мазмұнын жеткізуге ұмтылады.
Адам, табиғат, тұрмыс, еңбек бейнесі арқылы қозғалыс, кеңістікке ашықтық және адам мен табиғат арасындағы ерекше байланысқа негізделген қазақ мәдениетінің болмысы айқындалады. Мұны Қанафия Телжанов, Мұхит Қалимов, Бақтияр Табиев және Тоқболат Тоғысбаев шығармаларынан айқын көруге болады. Ал алпысыншы жылдар буынына жататын Б. Табиев пен Т. Тоғысбаевтың еңбектері көркем ойлаудың жаңа кезеңін танытады. Бұл кезеңде түс пен пішіннің бейнелеу мүмкіндіктеріне деген қызығушылық арта түскені аян. Б.Табиевтің кескіндемесінде нәзік колорит пен дәстүрлілік басты ұстаным ретінде көрініс тауып, оның шығармашылық бағытын айқындайды. Ал Т. Тоғысбаев туындыларында ұлттық нақышты жинақтап, оны заманауи көркем тіл аясында жаңаша пайымдауға ұмтылыс байқалады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі.
Көрме Қазақстан өнерін мәдени ықпалдастық жағдайында қалыптасқан тұтас көркем құбылыс ретінде таныстырып, көрерменді кескіндеме тілі арқылы өрбитін рухани сұхбатқа шақырады.
Біз бұл жоба маңызды мәдени оқиға ғана емес, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы мәдени және дипломатиялық байланыстарды нығайтатын маңызды қадам болады деп сенеміз.
Көрме 31 тамызға дейін жалғасады.
Өнер сүйер қауымды көрменің салтанатты ашылуына шақырамыз!
Өтетін орны: Баку қаласы, Әзербайжан Ұлттық өнер музейі
Қосымша ақпарат: + 994 12 492 0707