Алматы метросы әзірге Алатау қаласына дейін созылмайды. Үкімет бұл бағытта метроның орнына LRT желісін дамытуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында вице-премьер Алатау халқының саны аздығына байланысты бұл бағытқа метро салу әзірге тиімсіз екенін айтты.
— Қазір бұл туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Alatau City-дің халқы ресми түрде 50 мыңнан сәл ғана асады. Сондықтан метроны бұл қалаға дейін ұзартудың әзірге қажеттілігі жоқ. Бас жоспарға сәйкес, Алматы, Алатау және Қонаев қалаларының арасында LRT желісі жүргізіледі. Сонымен қатар, әуе жастықшасымен жүретін пойыз секілді өзге де нұсқалар қарастырылып отыр. Қазір әлемнің үздік мамандарымен жұмыс істеп жатырмыз, — деді Қанат Бозымбаев.
Оның сөзінше, Үкімет үш қала арасындағы көлік байланысы үшін ең тиімді әрі шығыны аз шешімді таңдамақ.
Сонымен бірге, болашақта тұрғындар саны артқан жағдайда да болжам бойынша, көлік кептелісі күшеймейді.
— Бас жоспарды Subana Jurong компаниясы әзірледі. Бұл — Сингапурды және басқа да көптеген елді дамытуға қатысқан ірі компания. Қазір жоспар, урбанистика мен көлік инфрақұрылымын тағы бір мықты компания нақтылап жатыр. Біз басқа инвестициялық жобаларда кеткен қателіктерді де ескереміз. Мұндай сәтсіз тәжірибені міндетті түрде назарға алу керек. Сондықтан жолда шектен тыс кептеліс болады деп ойламаймыз, — деп түсіндірді вице-премьер.
https://kaz.inform.kz/