Грекияда 2027 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізіледі. Бұл туралы елдің премьер-министрі Кириакос Мицотакис мәлімдеді.
Мұндай шешім балалар арасында мазасыздықтың көбеюі, ұйқының бұзылуы және интернетке тәуелділіктің артуына байланысты қабылданбақ. Ата-аналардың айтуынша, жасөспірімдер экран алдында ұзақ отырған сайын психологиялық қысымға жиі ұшырайды.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, ел тұрғындарының шамамен 80 пайызы бұл бастаманы қолдап отыр. Айта кетейік, қазірдің өзінде Грекия мектептерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар балалардың экран уақытын бақылауға арналған арнайы жүйелер де енгізілген.
Осындай шектеу шараларын Ұлыбритания, Франция, Дания, Польша және Малайзия да қарастырып жатыр.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz