Жыл сайын шетелге оқу іздеп кететін балалар саны азайып жатыр

Жыл сайын шетелге оқу іздеп кететін балалар саны азайып жатыр

     Жыл сайын шетелге оқу іздеп кететін балалар саны азайып жатыр, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

     "Шетелге кететін балалар саны жыл сайын азайып келе жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл үлкен үрдіс болды. Өңірдегі әкімдіктер де, біз де біраз жұмыс жасадық. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысын алатын болсақ, соңғы жылдары шетелге кететін түлектер саны 5, 7, 10 есе азайған. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бізде гранттар саны көбейді. Екіншіден, бізде жатақхана мәселесі бірте-бірте шешіліп жатыр. Соңғы үш жыл ішінде үш мың жатақханада орын салынды", – деді Асхат Аймағамбетов.

     Мұнымен қатар, министр Қазақстанда білім сапасының айтарлықтай артқанын алға тартты. Айтуынша, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі жақсы дамып жатыр. Қазір толық бәсекеге қабілетті.

     "Бізде баяғыдан қалыптасып қалған ой бар. Өзіміздің, Қазақстанның бірдеңесі болса, оны менсінбейміз. Егер шетелдік сарапшы үлкен мінберде тұрып бір нәрсені мақтаса, оны барлығымыз пір тұтып, табынамыз. Біз мұның орнына нақты фактілермен қарауымыз керек. Бұрынғы кеңес үкіметінің мемлекеттерімен салыстырсақ, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі ең алдыңғы қатардағы жүйенің бірі. Ешкімнің артында тұрған жоқпыз, алдыға кеттік", – деді Асхат Аймағамбетов.

     Мұнымен қатар, министр халықаралық QS рейтингіне енген отандық ЖОО-лар туралы сөз қозғады. Екі білім ордасы алғашқы екі жүздікке кіреді.

     "Үш жыл бұрын жағдай қалай болды? Ал қазір қалай? Аталған рейтингке қазірдің өзінде 16 университет енді. Соның ішінде үздік екі жүз университеттің тізіміне Қазақстан және Ресей университеті кірді. Ал бес жүз бен мыңдыққа жалпы 16 ЖОО еніп отыр. Олар шын мәнінде өте сапалы білім беріп жатыр. Алыс және шетелдегі университеттерден ешқандай кемшілік жоқ", – деді Асхат Аймағамбетов.