фото: https://www.pexels.com/ru-ru/
Бүгінде ресми түрде жұмыс істейтін кез келген қазақстандықтың жалақынан 3,5 процент мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып тұрады. Оны жұмыс беруші өз ақшасынан төлейді.
Ал адам жұмысынан айырылып қалған жағдайда қордың есебінен алты айға дейін әлеуметтік төлемдер беріледі. Sputnik Қазақстан жұмыссыз ретінде тіркелу және жәрдемақы алу тәртібін ұсынады.
Жұмыссыз адам қалай тіркеледі
Бүгінде жұмыссыз адам ретінде тіркелу үшін электронды үкімет порталын пайдалануға болады.
eGov.kz порталында авторизация жасау;
"Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық бағанды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркелуге мүмкіндік бар.
Қандай құжаттар ұсынылады
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін көп құжаттың қажеті жоқ. Негізгі құжаттар:
Жеке куәлік;
Өтініш;
Банктегі есеп-шоттың нөмірі.
Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына адамның жұмысқа тұрғаны туралы мәлімет түскен бойда төлем жасау тоқтатылады. Сондай-ақ, бірнеше жағдай ескеріледі.
Олар:
төлем алушының қайтыс болуы;
зейнеткерлікке шығу;
әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беру;
жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар тізімінен шығу;
жалған ақпарат беру;
Жұмыссыз ретінде тіркелген адам жалған ақпарат беріп, әлеуметтік төлемді алса, оны қайтаруға тура келеді.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәлімет болған кезде еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін ұялы телефонға SMS жібереді. Келіскен жағдайда, SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Төлемнің мөлшері қалай есептеледі
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерді есептеудің арнайы формуласы бар. Жұмыссыз қалған адамның жәрдемақысы былай есептеледі:
Төлемнің сомасы = (соңғы екі жылдағы табыстың мөлшері) × кірісті ауыстыру коэффиценті (0,4) × әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффиценті
Мәселен, жұмысынан айырылған адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы 175 000 теңге болды. Оны кірісті ауыстыру коэффицентіне (жұмыссыз қалған жағдайда 0,6-ке) көбейтеміз.
175 000 теңге × 0,4 = 70 000 теңге.
Осы соманы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффицентіне (аударымдар екі жыл бойы үздіксіз түскен жағдайда 0,85-ке) көбейтеміз.
70 000 теңге × 0,85 = 59 500 теңге.
Дәл осы ақша ай сайын жұмыссыз қалған адамға жәрдемақы ретінде төленеді.
Заң бойынша жұмыстан босатылған адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы екі жылдағы табысына байланысты болады. Бірақ жоғалған кірістің 40 процентінен кем болмауы тиіс.
Жұмыстан бас тартуға болмайды
Әлеуметтік төлемді тағайындаудың тағы бір шарты бар. Оған сәйкес, халықты жұмыспен қамту орталығы бір күн ішінде адамның тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындарын ұсынуы мүмкін. Одан бас тартуға болмайды.
Ал жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары хабарласып, қосымша ақпарат сұрауы мүмкін.
Осы қызметті онлайн режимде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы алуға да болады.
Қордан тағы қандай төлемдер беріледі
Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар алатын жалақының 3,5 проценті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отырады. Оны жұмыс беруші өз ақшасынан төлейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру заңнамасына сәйкес, адам жұмысынан айырылып қалса, қордың есебінен бес әлеуметтік төлем жасалады.
Олар:
асыраушысынан айырылған жағдайда;
жүктілік және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірістен айырылған жағдайда;
жұмысынан айырылған жағдайда;
бала күтіміне байланысты кірістен айырылған жағдайда;
еңбекке ету қабілетінен айырылған жағдайда.
Әрқайсысында соңғы екі жылдың ішінде жасалған әлеуметтік аударымдар ескеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер үшін зейнетақы жарналарын ұстап қалады.
Kyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через