фото: Pexels
Елімізде тасымалдаушының кесірінен, не ұшақтың кеш келуінен рейстер шегеріледі. Қолайсыз ауа-райы да ұшақтың уақытында келмеуіне себеп болады. Мұндай жағдайда жолаушыларда қандай құқық бар? Bugin.kz тілшісі қолданыстағы заң аясында дайындалған ақпараттарды назарларыңызға ұсынады.
Жолаушыларға "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заң өз құқығын білуге көмектеседі.
Заңның 86-бабына сәйкес, тасымалдаушының рейстің мәртебесі өзгерген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі мен талап қоюдың ескіру мерзімдері қаматамассыз етілген.
Рейс кешіксе, тасымалдаушы жолаушыға не береді?
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның" 86-бабына сәйкес компания жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсынуы керек.
Рейс 2 сағаттан аса кешіккен кезде компания тарапынан жолаушыны сумен қамтамасыз етуі керек. Егер күту уақыты 4 сағаттан артық созылса, күндіз 6 сағат сайын, ал түнде 8 сағат сайын жолаушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуі керек.
Рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде жолаушы тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналасады. Қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
Аталғандардың бәрін тасымалдаушы компания ақысыз әрі тегін орындауы шарт.
Әр жолаушы билет алар кезде электрондық почтасы мен телефон номерін қалдырады. Рейс кешіксе, тасымалдаушы көрсетілген деректерді қолданып, жолаушыға ақпарат беруге міндетті. Тасымалдаушы әуежайда да ескертіп айтуға міндетті. Әр жолаушыға рейстің уақыты неліктен өзгергенін, қашан ұшатыны туралы ақпарат беруі керек. Өзгеріс тасымалдаушының кінәсінен және әуе кемесінің кеш келуінен болса, жолаушыларға қандай қызмет көрсететіні туралы ескертуі қажет.
Тасымалдаушының кесірінен өзге ұшаққа ауысып отыратын жолаушы кешіксе, тасымалдаушы жолаушыны баратын жеріне ең жақын уақытта ұшатын ұшаққа отырғызады. Немесе билет құнын қайтарады. Бұл ереже тасымалдау рейтері туралы ақпарат бір бланкіде жазылса ғана жүзеге асады. Екі бланкіге жазылған ауысып отыру рейсі ескерілмейді.
Ұшақ ұшуға дайын емес немесе бір жері бұзылып ұшпаса, жолаушыға өтемақы беріледі. Тасымалдаушы кінәсіз екенін дәлелдей алмаса, кешіккен 1 сағатына билет құнының 3 пайызын қайтарады. Ескерер жайт, тасымалдаушының жолаушыға төлейтін айыппұл мөлшері билет бағасынан аспауы тиіс.
Билетті қайтарудың қандай амалы бар?
Егер, жоспарыңыз өзгерсе, билетті қайтаруға болады. Бірақ билетіңіз қайтаруға болатын билет санатына жатса ғана. Билеттің қайтарылу не қайтарылмайтыны туралы дерек сатып аларда беріледі. Билет қайтарғаныңыз үшін комисия, ұшудан бас тартқаныңыз үшін айыппұл салынады. Екі сома билет құнынан алынып тасталады. Қалған сома көрсетілген шотыңызға 3-10 күн аралығында түседі.
Билетті тарифіне байланысты қосымша ақы төлеп, өзгертуге болады. Бірақ біреуге сыйлай алмайсыз. Билет сатып аларда жолаушының нақты аты-жөніне тіркеледі.
Кімдер тегін ұшады?
Екі жасқа дейін бала тегін ұшады. Дегенмен оны тіркеп, анасы не қамқоршысы "бос билет" алуы керек. Егер тіркелмесе, бала ұша алмайды. Мүгедек балаларға жылына 1 рет тегін ұшу мүмкіндігі Scat компаниясында қарастырылған. Бірақ жанында ересек адам болуы керек.
Ұшақтан кешіксем, не істеймін?
Негізі денсаулығына байланысты ұша алмайтын адам алдын ала ескертсе, билеттің толық құнын қайтара алады. Егер тек тіркеу уақытынан кешіккен болса, соманың белгілі бір мөлшері қайтарылады. Бірақ ұшақ ұшып кеткен соң ешнәрсе жасай алмайсыз. Егер кешігетініңізді сезіп тұрсаңыз, алдын ала билетті қайтарыңыз. Соманы түгел алмасаңыз да, біршама ақшаңыз қалтаңызға қайта түседі.
Балерке Әсілхан
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через