Жастайынан еңбекке араласқан дұрыс па?

Жастайынан еңбекке  араласқан дұрыс па?
фото: sputnik.kz

Жаз бастала салысымен оқудан босаған жастар жұмыс іздей бастайды. Олардың қатарында тіпті мектеп оқушылары да бар. Жастардың жағалайтын жері базар маңы. Өйткені мұнда сауда жасап, жүк тасып, сусын сатып нәпақа табуға болады.

"Студентпін, "сатушы керек" деген хабарландыруды оқып, осы жерде сатушы болып орналастым. Сатқан заттарымнан 10% соманы маған береді. Жазда бекер жатқаннан гөрі осылай тірлік жасау керек, әке-шешеме де қолғабыс тигіземін", - дейді Іңкәр Еелеусізова.

Жұмыс істегісі келетін студенттерге шектеу жоқ, ал оқушылардың еңбекке жегілуі заң жүзінде қадағаланады. Десе де, бекер жатпай екі қолға бір күрек тауып алатын еті тірі оқушылар да бар.

"Жасым 14-те, жазда арматура зауытына барып үш күн жұмыс істедім. Негізі басшылары жұмысқа алғысы келген жоқ, бірақ жалынып тұрып алдым. Ол жерде ауыр жұмыстар істеткен жоқ, ауласын тазалау, ары-бері жеңіл заттарды тасу сияқты ұсақ жұмыстар істедім. Күніне 5000 теңге төлейтін. Мен үшін өте жақсы ақша еді", - дейді Досжан Абдырақынов.

"Жұмысты жақсы істедім, бірақ шығарып жіберді. Өйткені студенттер келіп тәжірибеден өтеді деді. Олар тегін жүреді екен, ал маған ақша төлегісі келмеген шығар, әйтеуір жұмыстан босатып жіберді. Қазір қарбыз сатамын. Сауда онша жүріп жатқан жоқ. Жаңа ғана орналастым, әлі ақша алған жоқпын, көп сатсаң көбірек төлейміз деді. Негізі велосипед сатып алғым келеді. Әке-шешеме айту ыңғайсыз, өзім жұмыс істеп сатып алсам ба деп едім", - дейді еңбекқор бала.

Досжанның айтуынша, жұмыс іздеп бармаған жері жоқ. Бірақ жасың кіші деп ешкім қабылдамайтын көрінеді. Жалпы, ата-аналардың көпшілігі есейе бастаған бала жұмыс істеуі керек деп ойлайды. Өйткені гаджетке телміртіп қойғанша жастайынан еңбекке баулу керек, дейді олар. Солардың бірі – Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Эльмира Өсербекова.

"Бала кәмелетке толғанша жұмыс істемеу керек" деген заң дұрыс емес. Аяқ-қолы сау, 12 мүшесі сау бала әке-шешесінің тапқан-таянғанын жеп, қарап жату керек пе? Бұны балаға жасалған қиянат деп қарамау керек. Керісінше ұрпақты жастайынан жұмысқа барынша баулу керек. Мүмкін ішімдік ішіп, баласына қарамай, жұмыс істетіп қоятындарға арнап осындай заң шығару керек шығар, ал жалпы бала дегенге жұмыс істету керек", - дейді Эльмира Өсербекова.

Ата-аналардың пікірінше, ақшаның қаншалықты еңбекпен келетінін бала кішкентайынан түсіну керек. Бірақ құзырлы мекеменің тексеруінен қорыққан жұмыс берушілер жасөспірімдерді маңына жолатпайды.

"Баланы жұмсамасақ, еңбек етуді үйретпесек, болашағымыз өте қиын болады. Менің балаларым 4-5 сыныптан бастап мал бағады. Оңтүстікте күн ыстық, таңсәріде кетеді, кеш бата келеді. Бізде су мәселесі өте өзекті, балалар жаппай су тасиды. Егістікте мақтаның жабайы шөбін тереді. Өзіміз де солай істеп өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Отбасының мүддесі үшін жұмыс істеу – бала еңбегін қанауға жатпайды", - дейді Эльмира Өсербекова.

Бұл пікірді алматылық Сара Орынбаева да қолдайды.

"Ауылдағы бала мал бағады, су тасиды, қора тазалайды. Ал қаладағы бала төрт керегеде жата ма? Қазір мына гаджет деген өте қиын болды. Бала біткенді сол тәрбиелеп жатыр. Одан да еңбек еткені дұрыс. Заман болса қымбатшылық, неге жұмыс істемеу керек. Қанша ақша тапса да өзінің керегіне жұмсап, оның қандай еңбекпен келетінін білген бала ешқашан жаман болмайды. Адамды адам ететін еңбек. Керісінше бала еңбегіне қатысты заңға өзгеріс енгізу керек", - дейді Сара Орынбаева.

Қазақпарат