Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің орындауындағы шығармалар енді әлемнің жетекші музыкалық платформаларында қолжетімді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Оркестр тарихында алғаш рет қазақтың дәстүрлі күй өнері халықаралық цифрлық кеңістікке шығып отыр. Осылайша халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген музыкалық мұрасы әлем тыңдармандарына жол тартты.
Цифрлық жинаққа Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет, Қазанғап, Нұрғиса Тілендиев сынды көрнекті тұлғалардың күйлері енгізілген. Сондай-ақ қазақ музыка өнерінің басқа да танымал композиторларының шығармалары ұсынылған.
Енді ұлттық өнер жанашырлары мен шетелдік тыңдармандар қазақтың күй мұрасын Spotify, Apple Music, YouTube Music, Amazon Music, Яндекс Музыка және өзге де танымал музыкалық платформалар арқылы тыңдай алады.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба қазақтың күй өнерін халықаралық деңгейде насихаттап, ұлттық мәдениеттің әлемдік музыкалық кеңістіктегі орнын нығайтуға ықпал етеді.