Астана қаласында өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытуға арналған «Greative Aimaq» жобасы іске қосылады. Бұл бастама жергілікті брендтерді, мәдени жобаларды және креативті индустрия өкілдерінің жұмыстарын кең аудиторияға таныстыруды мақсат етеді.
Жоба аясындағы іс-шаралар елордадағы «Qazaq Greative Hab» алаңында өтеді. Мұнда келушілер үшін көрмелер ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар түрлі мәдени бағдарламалар ұсынылып, өңірлік кәсіпкерлердің өнімдері көпшілік назарына шығарылады.
«Greative Aimaq» жобасының алғашқы кезеңі Ақмола облысына арналмақ. 13-14 маусым күндері өңірден келген шеберлер мен шығармашылық топтар өздерінің авторлық туындылары мен бірегей жобаларын астаналықтар мен қала қонақтарына таныстырады.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Әсіресе бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютерлік ойындар жасау, тігін және тоқыма өндірісі, ұлттық киім тігу, сондай-ақ кәдесый бұйымдарын әзірлеу бағыттары қарқынды дамып келеді.
Осылайша, жаңа жоба өңірлердің шығармашылық мүмкіндіктерін насихаттап қана қоймай, жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін кеңінен таныстыруға жол ашады.