Ұқсас мақалалар
Жаңа жылды ұжым болып тойлау үлкен қалаларда дәстүрге айналған. Қызметтес әріптестер жаңа жыл мерекесін көтеріңкі көңіл-күй, той-думанмен атап өтуге тырысады. Алайда, салтанатты кештің ойдағыдай өтуі үшін компаниялар қомақты сома бөлуі керек. Қазақстанда корпоративтік кеш орташа есеппен қаншаға шығатынын анықтап көрейік.
Көптеген қалада жаңажылдық кештерді негізінен ивент-агенттіктер ұйымдастырады. Олардың қызметі бір миллион теңгеден басталады. Оған мейрамхана немесе банкет залын таңдау, жүргізуші, диджей, құрал-жабдықтар мен іс-шараның жеке сценарийі кіреді.
«Корпоративтік кештердің бағасы әр түрлі параметрлерге байланысты. Біріншіден, бұл адамдар саны, екіншіден, күн - бұл жерде ол өте маңызды рөл атқарады, өйткені мереке күндері жүктеме мен жауапкершілік көп болады, сәйкесінше төлем аздап көтеріледі. Үшіншіден, бұл бюджет. Мысалы, клиент бізге өз бюджетін береді, біз соған сәйкес қызметтерімізді ұсынамыз. Мұнда баға әртүрлі, 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін және одан да жоғары. Мерекенің форматы да ауқымды – біреу кешті кеңседе ұйымдастырғанды жөн көрсе, енді бірі мейрамхана таңдайды», – дейді мереке ұйымдастырушы Үміт.
Жаңа жыл қарсаңы – мейрамхана мен кафе иелері үшін де нағыз қызған шақ. Мейрамханалар дайындықты желтоқсан айының басында–ақ бастап кетті. Бүгінгі күні олар жаңажылдық корпоративтерге тапсырыс қабылдап жатыр.
Алматы мейрамханаларында жаңажылдық корпоративтер орта есеппен адам басына 11 мың теңгеден 40 мыңға дейін барады.
Оңтүстік астанадағы мейрамханалар жаңа жылға дайындықты бастап кетті. Тіпті, корпоративті кеш өткізуге дайын екендерін айтып, әлеуметтік желілер де таласа жарнамалап жатыр. Әдетте, жаңажылдық корпоративтер 25 желтоқсаннан басталады.
Солардың бірқатарына біз де хабарласып көрдік.
Қаланың жоғарғы жағында орналасқан мейрамханаларда жаңажылдық корпоративтік мереке адам басына 40 мыңнан келеді. Ол бағаға салаттар, басытқылар, 2 ыстық тағам, ішімдіктер, газдалған және газдалмаған сусын, тәттілер, жемістер кіреді. Сонымен қатар, Ақшақар мен Аяз Ата, асаба мен музыканттар бар. Олар конкурстар мен түрлі сыйлықтар ойналатын лотереялар өткізеді.
Алматының орталығында орналасқан мейрамханаларда жаңажылдық корпоративтер адам басына 17- 20 мың теңге аралығында. Дастархан мәзірінде 4 түрлі басытқы, 3 түрлі салат, 2 ыстық тағам, шай, нан мен самса, тәттілер бар. Шоу-бағдарлама да қарастырған.
Дәстүрлі түрде арзандау деп есептелетін қаланың төменгі жағындағы мекемелерге келсек, онда отырыс адам басына 11 мың теңгеден 15 мыңға дейін барады. Мәзірде 2 ыстық тамақ, 3-4 салат, тіске басар, нан, бауырсақ бар. Спирттік ішімдік пен жемістерді және тәтті тағамдарды өзімен алып келуге рұқсат етіледі. Одан басқа мұнда шоу-бағдарлама мен музыкалық көркемдеу қарастырылған.
Қазақстанның басқа аймақтарына келетін болсақ, шағын қалаларда орналасқан мейрамханалардың бағасы әлдеқайда төмен, мысалы, Орал мен Петропавлда адам басына 10-15 мың теңге аралығында, ал Астанада кафе, мейрамхана, караоке бағасы 15мыңнан 27 мың теңгеге дейін. Елдегі үшінші мегаполис – Шымкент қаласында адам басына орта есеппен18 мың теңгеден шығады. Барлық жерде бағаға шоу-бағдарлама, жүргізушілер, музыканттар және мерекелік ас мәзірі кіреді: алкогольді сусындарды қоспағанда, ыстық тағамдар, салаттар, жеңіл тағамдар, жемістер бар.
Кейбір ірі компаниялар қызметкерлерінің көңілін көтеру үшін музыканттар мен артистерді шақырады. Кешті жүргізуге шоу-бизнес саласының танымал жұлдызын да шақыруы мүмкін. Кештің шырайын кіргізіп, сәнін келтіретін артистер сыбағасына қыруар ақша сұрайды.
Тілшілеріміз көптеген жұлдыздардың концерт директорларына хабарласып, олардың бағасын білді. Белгілі болғандай, көптеген әншілер жаңажылдық кештерге тапсырыс алып қойған екен. Отандық жұлдыздар бір кеште 7- 8 ән айтады. Оның құны 1 миллион теңгеден басталады.
Мысалы, Ерке Есмахан еліміздің баса қалаларында өтетін салтанатты шараға 3-4 млн теңге сұрайды. Егер Алматы қаласында болса, онда сома біршама төмен. Яғни, 2 млн теңгеге 7-8 ән айтады.
Луина 1,2 миллион теңгеге кешіңіз керемет қып өткізіп бермек.
Жастардың сүйікті әншісі Нұрболат Қанайдың 40 минут ән салғаны 2 миллион екен.
Дастан Оразбеков бір кештен 1,5 млн теңге алады.
Айдана Меденова 1 млн теңгеге қонақтарыңыздың көңілін көтеруге әзір.
Айта кетейік, жоғарыда аталған әншілердің басым бөлігі ақшаларының 50 пайызын алып та қойған.
Қазақстанда жаңажылдық корпоративтік кештерге ресейлік жұлдыздарды да шақыратын компаниялар бар. Мәселен, ресейлік телеарналардың бірінің мәліметінше, Филипп Киркоровтың Жаңа жыл түніндегі өнері 300 мың доллар (140 млн теңге), ал Дима Билан 37 млн теңгеге ән салып беруге әзір. Niletto мен Zivert те осы сомаға келіседі. Ал Клава Кока өз өнерін 45 млн теңгеге бағалап отыр.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: 2022-god.com, www.e11evenrest.ru, deep-emotion.ru.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через