US Open: Тимофей Скатов негізгі турнирге жолдама алды

US Open: Тимофей Скатов негізгі турнирге жолдама алды
фото: yandex.kz

       Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 37-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен кездеседі.

 

       Қазақстанның екінші, әлемнің 128-ракеткасы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу турнирін сәтті өткізді.

 

       Қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингте 240-орында тұрған жапониялық Каича Учиданы жолдан тайдырды – 6:2, 6:2.

       Содан кейін рейтингте 169-сатыдағы италиялық Рауль Бранкаччионы сүріндірді – 6:4, 6:3.

       Іріктеу сайыстарының финалында Т.Скатов әлемнің 112-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортты 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Тимофей 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 эйспен ғана шектелді.

       Осымен үшінші рет «Үлкен дулыға» турниріне жолдама алған 22 жастағы Т.Скатовтың АҚШ ашық чемпионатының негізгі жарысындағы қарсыласы кейін анықталады.

       Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 82-орындағы аустриялық, 2020 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімазы Доминик Тиммен шеберлік байқасады.

       Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 37-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Рейтингте 79-сатыдағы Юлия Путинцеваның бірінші айналымдағы қарсыласы – әлемнің 53-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизан.

       SN.KZ