Қазақ халқында ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдардың түрлері өте көп. Оның ішінде еттен, сүттен, дәнді дақылдардан жасалынатын пайдалы тағамдардың түрлерін тізе беруге болады. Ал бүгінгі таныстырылатын тағамның атауы «Үлпершек»қ. Ұлттық тағамды жаңғыртып, қазіргі заманауи пештерде дайындап, отбасыңызбен бірге жесеңіздер болады.
Жүрек қабына май, кесек ет тағы басқа дәмдеуіштер салып жасалған, шұжық тәрізді тағам. Үлпершек өте тойымды тағам түрі болғандықтан, онымен бірге картоп, қарақұмық, күріш, буға піскен макарон өнімдерімен бірге ұсынылса, тіптен дәмді болады.
Құрамы: жылқы жүрегі – 1 дана,жылқының қара еті – 1 дана, қазы – 100 гр, кішкентай пияз – 1 дана, қолдың қаймағы – 3 ас қасық, жүгері 2 не 3 дана, дәміне қарай тұз, бұрыш, аскөк.
Дайындалу жолы: Жүректің бір жағын тіліп, жүректі ашамыз. Қалыңдау жерлерін кесіп, жалпақ етіп шығару керек. Оны ас үйлік балғамен жалпақ болғанша ұрғылаймыз.
Салмасына: Жылқының етін, қазысын және пиязды ұсақтап турап, тұз бен қара бұрыш саламыз.
Дайын салманы жүректің ортасына сопақ етіп саламыз. Жүректі бастапқы пішінге келтіріп, жіппен орап аламыз. Сосын қаймаққа тұз бен қара бұрыш саламыз. Пешке пісіруге арналған арнайы пакетке дайын болған жүректі салып, үстіне тұз бен бұрыш араласқан қаймақты құямыз. Пакеттің ішіндегі ауасын шығарып тастап, аузын мықтап жабамыз да 180 градуста қызып тұрған пешке 1,5-2 сағатқа қоямыз. Еттің піскен-піспегенін пісіру барысында бақылап отыру қажет. Шамамен бір сағаттан кейін пакеттің бетін тіліп, жүректі аударып отыру қажет. Піскен соң, жіптерін кесіп, тілікке бөліп, тәрелкеге жеңіл гарнирлермен дастарханға ұсынамыз.
Фото: skyscrapercity.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через