Ұлыбританияда азық-түлік бағасы 50 жылда бұлай қымбаттамаған

Ұлыбританияда азық-түлік бағасы 50 жылда бұлай қымбаттамаған

Ұлыбританияда азық-түлік өнімдері 16,8%-ға қымбаттап, 46 жылдан бері болмаған максимумға жетті.

Жанар-жағармай арзандағанымен, сүт, ірімшік және жұмыртқа сияқты халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасы аспандап тұр. Бұған қоса мейрамхана, қонақ үй қызметі мен әуе билеттері шарықтаған.

Мәселен, сүт өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға өскен. Макарон өнімдері және қанттың да құны қараша халықтың қалтасына батып отыр.

Кедейшіліктің қамытын кигендер фудбанктің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Фудбанк - айлығы шайлығына жетпейтіндерге тамақты аптасына бір рет тегін тарататын жер.

Барлығы демеушілердің есебінен. Қайырымдылық орталығына дүкендер азық-түлікпен көмектессе, кәсіпкерлер ақшалай қолдайды.

Өмір сүру құны қымбаттаған тұста фудбанктің көмегіне жүгінетіндердің қатары тіпті көбейген. Көпбалалы, жалғызбасты ана Донна Хэй осы орталықтың арқасында ғана жан бағып отырғанын айтады.

«Түнде балаларым аш жатты. Жарық пен газдың, жалдамалы пәтер ақысын да төлей алмай жүрмін», дейді ол.

Лондонның Хакни ауданында орналасқан фудбанк осыдан 6 жыл бұрын табысы төмен отбасыларға тамақпен көмектесу үшін айына 2000 фунт жұмсаса, қазір аптасына 4000 жұмсайды.

Орталық тығырықтан шығу үшін алдағы уақытта 100 000 фунт көлемінде қаржы қорын жинауға үмітті.

«Кей отбасылар жарық пен жылуды үнемдеу үшін жылыту пеші мен газды сөндіріп қоюға мәжбүр. Біздің берген тамағымызды олар пісіріп, жей де алмайды», дейді қайырымдылық ортағының өкілі Мэт Фитцимонс.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак инфляция деңгейін осы жылы екі есеге дейін төмендетіп, экономиканың өсімін қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.

Үкімет басшысы сөзінде тұрмаса, билікпен қош айтысуына тура келеді. Өйткені келер жылы жалпы сайлау өтіп, ел тізгінін оппозициялық партия ұстауы мүмкін.

«Инфляция деңгейінің төмендеуі өздігінен болатын процесс емес. Біз жасаған жоспарға сәйкес әрекет еткеннен кейін ғана жүзеге асады. Нәтижеге жету үшін күзгі мәлімдемемізді ұстанамыз және үкімет бар күш-жігерін салады», дейді Премьер-министр Риши Сунак.

Сунак ел экономикасын дамытып, жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашамын деп ант-су ішкенімен нәтиже қандай болары белгісіз.

Бюджеттік жауапкершілік басқармасының болжамына сәйкес биылғы жылдың соңғы тоқсанында тұтыну бағалары индексінің инфляциясы шамамен 4%-ке дейін төмендейді.

Бірақ Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамынша, тұманды Альбионның жағдайы бұл жылы жақсара қоймайтын мемлекеттердің қатарында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.