Ұлыбритания үкіметі жарық пен газды үнемдеуге үндеді

Ұлыбритания үкіметі жарық пен газды үнемдеуге үндеді

       Ұлыбритания үкіметі электр энергиясы мен газды үнемдеуге шақыратын жарнамалық науқанды бастап кетті.

       Өйткені елде энергетикалық дағдарыс белең алып, коммуналдық төлемдерді төлеуге халықтың шамасы жетпей жатыр. Билік жәрдемақымен демеуге тырысқанымен, қарашаның айлығы шайлығынан артылмайды.

       Электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан жарнама жарықты сөндіріп жүруге, үй жылытатын қондырғының және кір жуғыш машинаның температурасын төмендетуге, жылуды сақтау үшін түнде перделерді жабуға үгіттейді. Егер осы әрекеттерге күніне 30 секунд жұмсалса, жылына 60 фунттан 100 фунтқа дейін қаржы үнемдеуге болады дейді биліктегілер. Науқанға бюджеттен 18 млн стерлинг фунты бөлінген.

       Лорд Калланан, Ұлыбританияның бизнес, Энергетика және корпоративтік жауапкершілік министрі:

       - Біз бұл жарнаманы бұрыннан интернетте жариялап келеміз. Енді электронды тақтайша, телеарна және радио арқылы таратуды жөн санадық. Бір жақсысы азаматтарымыз өз ақшасын екі есеге дейін үнемдей алады. Үкімет қазір пәтер иелеріне  жарық пен газдың бір бөлігін төлеп беріп жатыр. Егер халық ақыл-кеңестерге құлақ асатын болса, салық төлеушілердің де ақшасы үнемделеді. 

       Министрлер науқанды өткен жазда, Еуропада электр энергиясының бағасы рекордтық деңгейге жеткен кезде бастағысы келген. Бірақ бұрынғы премьер-министр Лиз Трасс бұған қарсы болып, ол отставкаға кеткеннен кейін ғана жоба жүзеге асты. Сыншылар науқан тым кеш басталғанын алға тартады. Өйткені кедейшіліктің қамытын киген халық онсыз да қатаң үнемдеуге көшіп үлгерген.

       Карэн Спенсер, тұрғын:

       - Түнде газбен жылытылатын пешті сөндіріп қоямыз да, көрпеге қымтанып ұйықтаймыз. Өйткені шығындарды төлеуге қалтамыз көтермейді. Баға бірден аспандап кетті. Халық қымбатшылықтың азабын тартып жатыр және бұл жағдай күрделене түсетіндей.  

       Cалалық реттеушінің мәліметі бойынша, табиғи газ бен электр энергиясының ақысы 80%-ке өскен. Мұндай жағдай Украинадағы әскери қақтығыстан кейін пайда болды. Оған қоса Лондон 1 қаңтардан бастап, Ресейден сұйытылған табиғи газ импорттауды толығымен тоқтатты.

       Осылайша Ұлыбритания ресейлік отынға тәуелділіктен құтылуды көздеп отыр. Ұлттық статистика қызметінің ақпаратына сәйкес, өткен жылы сұйытылған табиғи газды Лондонға көп көлемде АҚШ пен Австралия жеткізіп отырған. Биыл импорттаушы елдердің қатарына Катар мен Әзірбайжан да қосылмақ.

        Ақпарат дереккөзі