Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін 15,25%-ке дейін түсірді

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін 15,25%-ке дейін түсірді
фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі ұсынды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін 15,25%-ке дейін түсірді. Оған сыртқы қысымдардың азаюы себеп болған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан порталы  qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нені білдіреді? Базалық мөлшерлеме енді төмендей береді деген сөз бе? Бұл сұрақтың жауабын тілшілер анықтап көрді.

Ұлттық банктің бұндай қадамға баруына инфляцияның төмендеуі әсер еткен. Былтыр оның жылдық көрсеткіші 9,8% болды. Яғни, қос таңбалы саннан бір таңбалы мәнге түсті деген сөз. Бұл 2022 жылғы ақпаннан бергі ең жақсы көрсеткіш дейді орталық банк мамандары.
 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Мөлшерлеменің төмендеуіне бірқатар фактор түрткі болды. Нақтырақ айтсақ, Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты және Үкіметтің инфляцияға қарсы шаралары оң әсер етті. Сондай-ақ әлемдегі инфляциялық қысымның әлсіреуі де еліміздегі инфляцияның төмендеуіне ықпал етіп отыр.

Азық-түлік инфляциясы 8,5 процентке дейін, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 9,1 процентке дейін баяулады. Ал, қызметтер инфляциясы 12 пайыздан асты. Осыған орай бас банк өкілдері мынадай кеңес береді.
 

Ақылжан Баймағамбетов, ҚҰБ төрағасының орынбасары:

Қазір ақшаны жұмсамай, жинау тиімдірек. Себебі баға бұрынғыдай тез өсіп жатқан жоқ. Бірақ инфляция әлі де жоғары. Біздің мақсатымыз – оны біртіндеп бес процентке дейін азайту.Сондықтан ставканы әлі де жоғары ұстауға тұра келеді. Оны өте мұқият төмендетеміз.

Ұлттық Банк алдағы шешімдерін де нарықтағы жағдайға қарап қабылдайды. Айтарлықтай өзгеріс болмаса, базалық мөлшерлеме әлі де төмендеуі мүмкін. Бірақ, ол цикл ұзаққа созылуы әбден мүмкін дейді Тимур Сүлейменов. Ұлттық банктің келесі шешімі 23 ақпанда шығады.